5 ай ішінде 19 адам бруцеллез жұқтырған – Жигули Дайрабаев

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөздерден

2023 жылдың бес айында бірнеше облыста адамдардың бруцеллезді жұқтыру бойынша 19 факті тіркелген. Бұл жайлы депутат Жигули Дайрабаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа жолдаған сауалында айтты.

«Жыл сайын ветеринария саласында аса қауіпті сібір жарасы, құтыру, аусыл, және бруцеллез секілді инфекциялардың өршуі байқалады. Бұл фактілер қоғамды қатты алаңдатады. Мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың бес айында бірнеше облыста адамдардың бруцеллезді жұқтыру бойынша 19 факті тіркелген. Оның 53% ауыл тұрғындары, 47% қала тұрғындары, осындай фактілерге біз қалай алаңдамаймыз?» деді депутаты.

Депутаттың айтуынша елімізде аса қауіпті мал ауруларының 68 түрі бар. Ал оның 20-25 атауы бойынша ғана елде тегін вакциянация жүргізіледі екен. Аса қауіпті ауруларға қарсы елде жүргізілетін профилактикалық және емдік шаралар қажетті нәтиже бермей жатқанының бір себебі ретінде депутат шет елден тасымалданатын вакциналарда жергілікті микрофлораның ескерілмейтінін атады.

«Қыруар қаржы бөлініп жатыр. ал отандық вакциналар әзірленбеген, біз вакциналарды басқа елдерден іздеуге мәжбүрміз. Вакцина әзірлейтін саладағы арнайы ғылыми институттардың ұстағанның уысында, тістегеннің ауызында кетіп жатқаны бізді қатты қынжылтады», дейді Дайрабаев.

Президенттің агротехнологиялық хаб құру тапсырмасын ветеринариясыз жүзеге асыру мүмкін еместігіне тоқталған ол, осы саладағы қордаланған мәселелерге тоқталды. Депутат табиғи ошақты инфекцияларды болжау және мониторингтік зерттеулер жүргізуді ғылыми қамтамасыз ету үшін Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтын Денсаулық сақтау министрлігінің құзырынан Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қайтаруды сұрады.

Сонымен бірге мал басын сәйкестендірудің цифрлық жүйесінің мал дәрігерлерінің жұмыс істеуіне ыңғайлы, ақпараттар мен мәліметтерді бұрмаламауға және де сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін жаңа платформасын дайындап, жуық арада қолданысқа енгізу қажет деп санайды.

«Себебі, осыдан 15 жыл бұрын енгізілген мал басын сәйкестендірудің цифрлық жүйесі әлі күнге дейін уақыт талабына сай жетілдірілмеген. Соның салдарынан мал дәрігерлерінің қолы әлі де болса қағазбастылықтан босай алмауда, жүйенің мәліметтері көбінде шындыққа жанаспайды және де ондағы жалған, бұрмаланған немесе ескірген деректер, бір жағынан, эпизоотиялық ахуалды дұрыс бақылап, дәл болжау жасауға кедергі болса, екінші жағынан, мал шаруашылығына беріліп жатқан субсидиялардың талан-таражға салынуына жол ашуда. Базарлардың маңындағы жылпостардың ветеринариялық құжаттарды сатуы пайдалы бизнес көзіне айналған. Мал өнімдерінің кауіпсіздігін анықтау жұмыстарына деген талап өте төмен, әсіресе ондағы антибиотиктер, биостимуляторлар мен гармондардың бар-жоғын тексеру міндеттелмеген, яғни, ондай тексерістерді жүргізетін құрал-жабдықтар базарлардағы зертханаларда жоқ. Тұтынушылардың не жеп не қойып жатқаны бір құдайға ғана мәлім», дейді депутат.

Жағдай реттелмесе, бұл сала құлдырауға ұшырайтынын айтады депутат. Біріншіден, елдегі эпизоотиялық ахуал нашарлайды, екіншіден, мал өнімдерінің экспортына кедергі болады, үшіншіден, ең маңыздысы, халықтық денсаулығына нұсқан келуі мүмкін. Сонымен бірге мал дәрігері мамандарының тапшылығы мәселесін тілге тиек етіп, жұмысқа қызығушылықты арттыру үшін олардың жалақысын көбейтуді және заңнамалық тұрғыда ветеринар мамандығының мәртебесін көтеруді ұсынды.

Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте Ақмола облысының Ветеринария басқармасы малдың қырылып, 12 адамның сібір жарасы ауруымен ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Нәтижжесінде, Үшқарасу ауылы карантинге жабылған болатын.

Бұл оқиғадана кейін залалды бағалау және аурудан өлген мал үшін өтемақы төлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылып, мемлекеттік органдар жағдайды бақылауға алды. Сондай-ақ ауыл ауылға 1,7 мыңнан астам доза вакцина және 900 000 мл дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ ошақты тексеру және жою үшін қажетті барлық арнайы техника жеткізілді.  

Сондай-ақ оқыңыз