Астана әкімі Тоқаевқа қаланың алдағы жылу беру маумысына дайындығы туралы есеп берді

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Ақорда

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының және жалпы қуаты сағатына 700 гигакалорий болатын «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің құрылыстары аяқталған. Оған қоса жыл соңына дейін үшінші ЖЭО-ның құрылысы аяқталмақ. Үш жаңа нысан қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етеді. Оның қуаты – сағатына 1140 гигакалорий.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі станциясының және үшінші ЖЭО-ның құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Бұл турал Ақорда хабарлайды.

«Оңтүстік-Шығыс» станциясы Мынжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын алабы сияқты құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан аудандарды, ал «Тұран» станциясы қаланың сол жағалауында жаңадан салынып жатқан аумақты тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. Әкімнің айтуынша, аталған газ жылу станциялары биылғы жылыту маусымының басынан бастап іске қосылады.»

«Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу станциясы қуаты сағатына 850 гигакалорий болатын қосымша жылу береді.

Ал құрылыс компаниясының өкілдері Қазақстанда газ жылу станцияларының өндірістегі отандық үлесін арттыру үшін газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорынмен арада уағдаластықтар бар екенін жеткізді.

Осы ретте Президент газ жылу станцияларын кезең-кезеңмен пайдалануға беруді тапсырған.

«Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қалада үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жарық және су. Тұрғындар бұл қажеттіліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда туралы болып отыр. Ешқандай кідіріс болмауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Сондықтан аталған мәселені бәріміз жұмылып, міндетті түрде толық шешуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Жеңіс Қасымбек Президентке Астана су қоймасынан тартылатын су құбырының және сорғы-сүзгі станциясының іске қосылу жөнінді мәлімет берген. Оның айтуынша, биылғы қарашада Нұра жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуатын күніне 160 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобалау жұмыстары аяқталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда халқының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанына байланысты қосымша су көздерімен қамтамасыз ету жолдарын іздеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қаладағы жаңа жылу нысандарының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды.

Бұған дейін депутат Ерлан Саиров биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деп дабыл қаққан еді.

«Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес, біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргізудеміз. Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Адамдар Астанада жылудың жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан биыл қала белгіл бір дәрежеде жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар», – деп ескертті Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Айта кету керек, бұл нысанның құрылыс тарихы 2010 жылдан басталады. Сол кезде жобаның қажеттіліктеріне республикалық бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп, ал кейіннен бюджеті 122 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Алайда, нысанның осыған дейін айтылған құнын 175 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі қалада жылу тапшылығы барын, биыл жылу орталығының құрылысы аяқталатынын мәлімдеген болатын.

«Елордада 440 Квт жылу жетіспеушілігі бар. Биыл 100 млрд теңге қаржылай қолдау көрсету нәтижесінде №3 ЖЭО-ның құрылысын аяқтаймыз. Қазір жүйені дайындап жатырмыз. Нысан кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазанда 2 қазандық іске қосылады. Оның жалпы қуаттылығы – 220 Квт. Сондай-ақ сол жағалауда газ жылу станциясының 2 жобасын жүзеге асырамыз. Осылайша, биыл қарашаның соңына қарай тапшылық емес, мөлшерден тыс қуатқа ие боламыз», – деді әкімдік өкілі.

Астанада биыл жылу беру маусымы 5 қазаннан басталды.

Сондай-ақ оқыңыз