«ЭксонМобил» компаниясы Қазақстанға 28 млрд доллардан астам инвестиция салған

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

«ЭксонМобил» компаниясы Қазақстанға 28 млрд доллардан астам инвестиция салған. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен «ЭксонМобил» компаниясының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездесу барысында айтылды.

Екі жақты кездесуде тараптар болашақта Теңіз кен орнында сағалық қысымды кеңейту және басқару жобаларын іске асыру мәселесін талқылады. Сонымен бірге Қашаған кен орнын одан әрі игеру, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу және газ бөлу кешенін салу жоспарлары жөнінде айтылды.

Үкімет басшысы ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтуды арттыру экономиканың базалық салаларын дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

Ол компанияны жергілікті өндірушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға шақырды. Өйткен жергілікті өндірушіле операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі екенін айтты.

«Бұл қазіргі уақытта импортталатын бірқатар мұнай-газ машина жасау өнімдеріне деген қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

Ал Джон Уилан «ЭксонМобил» Қазақстанда өз өкілдігін ашқан шетелдік халықаралық мұнай компанияларының арасында алғашқылардың бірі болғанын, содан бері бұл салаға қомақты қаржы құйылғанын айтты.

«Бүгінгі таңда біз республикаға $28 млрд-тан астам инвестиция салдық, бұл бізді ең ірі шетелдік инвесторлардың біріне айналдырады. Қашаған, Теңіз және Каспий құбыры консорциумы сияқты ірі жобалардағы бұрыннан келе жатқан серіктес бола отырып, біз екіжақты байланыстарымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан әрі нығайта түсеміз деп үміттенеміз», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз