Қазақ режиссерлері түсірген 3 фильм «Asia Pacific Screen Awards» сыйлығынан үмітті

Жарияланды

Үш қазақстандық режиссердің фильмі Asia Pacific Screen Awards сыйлығына үміткерлер қатарына кірді. Атап айтқанда, Айсұлтан Сейітовтың «Қаш», Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» және Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» картиналары бірнеше номинациялар бойынша ұсынылып оттыр.

Айсұлтан Сейітовтың картинасы «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс» наоминациялары бойынша ұсынылып отыр. Бұл кинотуынды басты номинацияда Жапониядан, Қытайдан және Грузиядан келген картиналармен таласқа түседі. ол фильмдердің арасында биыл Венеция кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесін алған режиссер Рюсуке Хамагутидің «Зұлымдық жоқ» атты туындысы да бар.

Ал Дархан Төлегенов пен Асхат Кучинчиреков «Үздік режиссер» және «Үздік жастар фильмі» номинациялары бойынша сыналады. Ұсынылған үш картина да режиссерлердің дебюттік жұмыстары.

«Қаш» фильмі қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, адастырады. Жазда, Шанхай халықаралық кинофестивалінде Айсұлтан Сейітов осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.

«Ағайынды» фильмі өткен жылдың қыркүйегінде Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алған. Ал осы жылдың сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың «Үздік драмасы» деп таныды. Сонымен қатар, «Ағайынды» – Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.

«Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының тұсауы жақында ғана Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде кесілді, онда картина «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілді.

осы жылы 16-шы рет өткізілетін халықарылық Asia Pacific Screen Awards киносыйлығын ЮНЕСКО, Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы және Брисбен қалалық кеңесі ұйымдастырады. Сыйлық жеңімпаздары 3 қарашада Австралияда жарияланады. Бұл сыйлықты өткен жылы белгілі қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз