Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше 5 ел бірігіп инвестициялық қор құрады: оны кім қаржыландырады?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері бірігіп «Түркі инвестициялық қорын» құрады. Қор құруға бағытталған келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын дайындау мәселесі Сенатта талқыланды.

Қор құру туралы келісімге 2023 жылғы 16 наурызда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының төтенше саммиті шеңберінде қол қойылған.

Қор мынадай функцияларды орындайды: жобаларды, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіп өндірісін, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және «жасыл экономиканы» қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау.

Қордың жарғылық капиталы жалпы номиналды құны 350 млн. АҚШ долларын құрайтын төленген акцияларға, сондай-ақ номиналды құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын тартылатын акцияларға бөлінеді. Қорға мүше мемлекеттің әрқайсысына 70 млн АҚШ долларын құрайтын төленген акциядан келеді.

«Келісімнің мақсаты – өңірішілік сауданы ұлғайту және экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркі мемлекеттерінің ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған халықаралық қаржы ұйымы нысанында Түркі инвестициялық қорын құру», деді сенатор Ляззат Рысбекова.

Сонымен бірге қордың әрбір мүшесінің дауыс беру құқығы тең болады. Қордың құрамына Қор Президенті, Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Бас директор және қатардағы қызметкерлер кіреді. Ал қаржы институтының штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналаспақ.

«Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасына экономиканың басым секторларындағы, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жобаларын қаржыландыруды алуға, сондай-ақ ТМҰ өңірі шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», дейді сенатор.

Сөз соңында депутат Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, мақұлдауды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз