Жыл сайын 4%-ға артып келе жатқан онкологиялық ауруларды емдеуге Үкімет 460 млрд теңге бөлді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Онкологиялық ауруларды емдеуде телемедицина және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалана бастайды. Бұл мәселе республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азаматтарға онкологиялық көмек көрсетуді жетілдіруге бағытталған «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға» қол қойды.

«Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бұл – тиімділігі жоғары ерте диагностиканы енгізуді, мамандандырылған емдеуді, паллиативтік көмек пен оңалту сапасын арттыруды, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды нығайтуды көздейді. Жоспарланған іс-шаралар ерте диагностиканы жақсартуға, мүгедектікті азайтуға және онкологиялық науқастардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», делінген баспасөз баспсаөз хабарламасында.

Кешенді жоспарға сәйкес әрбір өңірде соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылады. Бұл арқылы науқастар әлемдік стандарт деңгейінде заманауи сәулелік ем алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмектер қолжетімді болады. Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендерді пайдалану жоспарланып отыр. Бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуі тиіс.

«Онкологиялық ауруларды емдеу шеңберінде телемедицина және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалану көзделеді. Жалпы онкологиялық көмек көрсету еліміздің барлық өңірлерінде бірыңғай стандартқа ие болады. Кешенді жоспардың негізгі міндеттерінің бірі – онкологиядағы заманауи стандарттарды қолдану арқылы республика аумағында онкологиялық науқастарға қажетті медициналық көмектің толық кешенін қамтамасыз ету. Қазақстан мен ең дамыған елдер арасындағы медициналық көмек көрсету сапасының алшақтығын азайту үшін қазіргі уақытта стационарлық емдеуден амбулаториялық терапияның неғұрлым заманауи түрлеріне көшу жоспарланып отыр», деп хабарлайды баспасөз қызметі.  

Сонымен бірге кешенді жоспарда онкологиялық ауруға шалдыққан балалар мен олардың заңды өкілдерінің біріне химиотерапияның қарқынды курстарынан өтуі үшін көлік шығындары өтеу мәселесі де қамтылған.

Жоспарланған шараларды іске асыруға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ медициналық ұйымдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар қатысады.

Республикалық бюджет комиссиясы бұл жоспарды орындауға 460,7 млрд теңге сомасында қаржы бөлу туралы шешімге келді. Жоспарды іске асыру нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынып кеткен жағдайларының үлесін (III-IV кезең) 10%-ға дейін төмендету көзделеді. Ал пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды арттыру 53%-ға артса, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендейді деп күтіледі.

Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурудың 4%-ға өсуі байқалады, 2022 жылы 39 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген. Бүгінде 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Бұған дейінгі Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру кезеңінде республикада қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз