ҚМГ халықаралық IPO өткізсе, Ұлттық Банк өз үлесін сату мүмкіндігін пайдалана ма?
Ұлттық қордың қаражаты «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) акцияларын сатып алу арқылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады.
Ұлттық банктің жаңа басшысы Тимур Сүлейменов Ғалымжан Пірматов бастаған сарапшылық кездесулер тәжірибесін жалғастырып, кездесу ұйымдастырды.
Банк басшысы жиын барысында сарапшылармен қатар QAMS қауымдастығының сұрақтарына да жауап берді. Бұл туралы аталған қауымдастық өз телеграмм арнасында жазды.
Сарапшыларды бірінші кезекте бюджетті айналып өтетін Ұлттық қордың нысаналы трансферттерінің жаңа механизмі мәселелері жөнінде сұрады. Яғни Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып, ҚМГ акцияларын нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алу, сонымен қатар «стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды» жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын да сатып алуға рұқсат етілген болатын.
Өз кезегінде Ұлттық банк басшысы мұндай жобаларды таңдау кезінде банктік сараптамалық әдіс қолданылатынын айтты. Ол жаңа механизмге қатысты барлық сұрақтарды Ұлттық қордың иесі саналатын Үкіметке жолдауды ұсынды.
Ал «салық арбитражына» қатысты Ұлттық Банктің ұстанымы келесідей:
«Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестициялаудан түсетін табыстан корпоративтік салық (резидент еместерге қосарланған салық салуды болдырмау үшін ерекшелік) Ұлттық банктегі депозиттер бойынша кіріске төленетіндей деңгейде болуы тиіс».
ҚМГ-дегі Ұлттық Банк акцияларының үлесі 9,58%-ды құрайды. Алайда ҚМГ халықаралық IPO өткізсе, Ұлттық Банктің үлесті сату мүмкіндігін пайдаланатыны айтылды.
Тимур Сүлейменов осыған дейін тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет екенін айтқан болатын.
«Бізге шекті мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс істеу керек, өйткені 56% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Қазір бізде тұтынушылық несие нарығында бәсекелестік жоғары, банктер бір-бірімен жақсы бәсекелеседі. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары да бар. Банктер арасындағы бәсекелестік, мөлшерлемелерді төмендетуге алып келуі тиіс. Жалпы алғанда, тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлеме ақырындап төмендеуі тиіс деп санаймын», деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы сонымен бірге жыл соңына дейін инфляция 10%-ға төмендеуі мүмкін деген болжам айтты.
«Біздің базалық мөлшерлемені түсіруге келгенде сақтық танытып отырғанымыздың бір себебі, әзірге тәуекелдер көп. Егер жыл соңына дейін біз бірқатар шараларды үйлестіре отырып жүзеге асыра алатын болсақ, онда жылдың аяғына дейін инфляцияның 10%-ға немесе одан да төмендеуі мүмкін деп болжаймыз. Бірақ бұл көптеген факторларға байланысты болады», деді Ұлттық банк төрағасы.