Үкімет ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен шаруалардың несиелерін өтеуге жеңілдік беруді қарастырып отыр

Жарияланды

фото: kursiv.media

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда отырысы өтті. Жиында отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары қаралғаны хабарланды.

Биылғы ауа райының қолайсыздығына бола ауыл шаруашылығы секторы зардап шекті. Соған орай бірқатар шаралар қабылдау қарастырылған.

Мысалы, форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасын 3 класты бидай үшін 120 мың теңге және 4 класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгілеу.

Сонымен қатар, форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша фермерге міндеттемелерді айыппұл төлемдерінсіз ақшалай қаражат арқылы немесе 1,05% не 5% коэффициент бойынша 3 класты бидайды 4 класқа ауыстыру арқылы орындауға мүмкіндік беру де мақұлданды.

Орайы келгенде айта кетейік, Форвардтық сатып алу – ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасына жеңілдік жасамай және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражатты пайдаланғаны үшін пайыздық мөлшерлемелерді есептемегенде, күзде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу кезеңіндегі нарықтық бағамен жеткізіп бергеннен кейін, алдын ала ақы төлеу негізінде сатып алуды білдіреді.

Форвардтық сатып алу жалпы ережелерді, негізгі шарттар мен форвардтық сатып алуды жүзеге асырудың тетіктерін анықтайтын бекітілген Ережелер негізінде іске асырылады.

Алайда мұндай міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ шаруалар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін банк сыйақыларын 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру қарастырылды.

Еске сала кетейік, Қазақстанға үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автомобиль көлігімен және теміржол арқылы бидай әкелуге тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы 11 қазаннан күшіне енеді. Сырттан бидай жеткізуге қатысты тыйым 6 айға созылатыны айтылды.

Мұндай шектеулер агрошаруашылық саласындағы небір «құйтұрқы қадамдарды» жасайтындарды тұсаулап, кәсіпкерлердің қызметіне көлеңке түсіретін әрекеттерге тоқтау салу мақсатымен қолға алынып отыр. Бидай тасымалын жеткізуге тыйым салынған елдер қатарында Ресей де бар.

Бидайды автокөлікпен алты ай мерзімінде жеткізуге қатысты тыйым 2023 жылғы 10 сәуірден басталған. Қазақстанға заңсыз бидай әкелуге қарсы шара 10 қазанда аяқталады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды заңсыз жеткізу салдары нарықтағы теңгерімді бұзып, ас атасының құнын 2 есе төмендететінін айтады. Мұндай құйтұрқы импорттың көлемі жылына 1,5-2 миллион тоннаға жеткен, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығыны жыл сайын 500 миллион долларға бағаланып отыр.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан ресейлік бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салуды 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданған еді. Бұл бидайды сұр схемамен экспорттауға тосқауыл болмақ.  

Сондай-ақ оқыңыз