Сұйытылған мұнай газын Қазақстаннан әкетуге тыйым салынады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға 3 жылға, ал теміржол көлігімен әкетуге 6 айға тыйым салынды. Энергетика министрлігі әзірлеген бұйырық «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

«Өнімді бөлу туралы келісім не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде  өндіруді жүзеге асырған, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие  жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 970 0), пропанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 940 0) және бутанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 13 970 0) автомобиль көлігімен әкетуге үш жыл мерзімге және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», делінген құжатта.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне тапсырылған.

Бұйрық жобасы сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2023 жылғы 20 қыркүйектегі отырысында қолдау тапқан. Жоба ҚР ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп отыр.

Құжат 24 қазанға дейін талқылауда болып,  алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Осыған дейін Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сұйытылған газдың әлеуметтік маңыздылығын назарға ала отырып, оны экспорттауға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен
2020 жылғы 7 қазанда №347 бұйрығымен үш жыл мерзімге автомобиль көлігімен экспортқа тыйым салынған болатын. Сол мерзім биыл қайта жаңартылып, тағы ұзартылды.  

Сондай-ақ оқыңыз