Ақтөбенің экс-әкімі Ермек Имантаев 8 жылға сотталды
Ермек Имантаев ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде ұрлады деген айыппен сотталды. Бұл туралы Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Имантаев Ақтөбе ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, «Садовое» тұрғын үй алабында орналасқан көлемі 24 га жер учаскесін, бағасын 10 есе түсіріп заңсыз түрде сатқан.
Сотталушы жердің нарықтық құнын қасақана 20 млн теңгеге дейін төмендетіп, жер учаскесі туралы жалған ақпарат ұсынып, төлемдің жасалмағанына қарамастан, жалған сатып алушы С.-пен заңсыз сатып алу-сату келісімшартын жасаған.
Әрі қарай, жер учаскесі жалған тұлға С.-қа қайта рәсімделіп, жердің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысынан» «көпқабатты тұрғын үй құрылысына» өзгертілді. Жалған тұлға С.-пен жердің 17,2 га көлеміндегі бөлігі Батыс-3 мөлтек ауданындағы 4 жер учаскесіне кейін тұрғын үй салушыларына сату үшін айырбасталған.
Е.Имантаевтың тапсырмасымен жалған тұлға С. жоғарыда аталған Батыс-3 мөлтек ауданындағы 3 учаскесі және «Садовое» тұрғын үй алабындағы қалған 2,3 га көлеміндегі жер учаскесі үшінші тұлға К.-ге қайта рәсімделген.
Жер учаскесін заңсыз сатқан Е.Имантаев АҚ тұлғасы ретінде мемлекетке 199,4 млн теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірді.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелер жиынтығымен расталады.
Тараптардың пікірі:
Прокурор соттан Е.Имантаевқа мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы Е.Имантаев өз кінәсін мойындамады.
Сот
ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оң мінезделетінін, бұрын сотталмағанын және сотталушының денсаулық жағдайын ескерді. Жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Соттың үкімімен Е.Имантаев кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қанағаттандырылып, сотталғаннан мемлекет пайдасына 199,4 млн теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.