Министрмен қосып, министрліктен қуып шығамыз – Бақытжан Базарбек

Жарияланды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек / baq.kz

Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысын жасай алмаса, «министрімен қосып, министрліктен қуып шығатынын» айтты.

Депутат өз баянадамасында, жайылымдық жерлердің қайтарылу мәселесін көтерген премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, екі жыл бұрынғы уәдесін орындамай кеткенін еске салды.

«Тамара Қасымқызы, бір-екі жыл бұрын сіз президенттің кеңесшісі болып тұрған кезде сізбен видеоконференцияға шығып, онда Солтүстік Қазақстан облысында Бостандық деген ауылда жайылымдық жерлердің тапшылығы туралы айтқан болатынбыз. Ауыл тұрғындары жайылымдық жерлерден айырылып қалған. Содан сіз маған және ауыл тұрғындарына уәдеңізді төгіп-төгіп бергенсіз. Міне енді, әп-әдемі, түк білмегендей министрліктің қызметіне отырдыңыз. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, сізге ауыл тұрғындарының атынан жалынды сәлем жолдаймын», деді.

Содан кейін депутат жайылымдық жерге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұрылып, қайтарылған жерлердің қайтадан бай-манаптардың қолына өтіп кету фактілері тіркеліп жатқанын айтып, осы мәселеге жауап беруін сұрады.

«Жер аманаты» республикалық комиссиясының жұмысы нәтижесінде 8,5 млн гектар жерді қайтардық. Ол «Жер аманаты» комиссиясының үлкен жұмысы. Ең біріншіден, халықтың мал жаюы үшін, оларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін бұл жерлер мемлекетке қайтарылды. Бірақ, соңғы уақытта біз теріс сигналдар алып жатырмыз. Қандай сигналдар? Біздің халыққа қайтарған жайылымды жерлерімізді жергілікті әкімдер, жемқор әкімдер оңды-солды жергілікті олигархтарға және бай-қуаттыларға қайтадана беріп жатыр екен. Мына жерде Айдарбек Сапаров отыр ма, жауап берсін. Ондай ақпарат бар ма? Ол әкімдері кім? Аты-жөндерін осы жерде атасын!»- деді депутат.

Депутаттың бұл сауалына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек жауап берді.

«Жер аманаты» комиссиясы бар, үкімет бар 8,6 млн гектар жер қайтарылды. 2,8 млн гектар жер айналымға енгізілді. Рас, мемлекеттік орталық аппарат қайтарғанымен, жерді бөлу рәсімі жергілікті атқарушы органдар яғни әкімдіктердің қолында. Былтырғы жылдан бері осы 8,6 млн гектардың 2,2 млн гектары қайтадан бөлініп берілді. Бірақ бір айта кетерлік жайт, бұл жерде 1,6 млн гектары елді-мекеннің жайылымдық жерін кеңейтуге берілген. 600 мың гектары елден шалғай жерлер, басқа мақсаттарға бөлінді. Бұл жерде бүкіл облыстар бойынша жер берілгенін айтап өткім келеді. Мұнда мынау облыста дұрыс берілмеді деп бөліп-жаруға келмейді. Ішінде бұзушылықпен берілгендері де бар. Қайтарып алып, қайта берген әкімдіктер бар. Ол бойынша заңнаманы жетілдіру керек. Қазір қолдағы механизммен әкімдіктерге ешқандай шара қолдану көзі жоқ. Сол себепті заңнаманы жетілдіріп, әкімдіктерге шара қолданатын норма енгізгеннен кейін ғана тиісті шара қабылдаған дұрыс шығар. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қайтарылған жерлерді бірінші кезекте елді мекеннің жайылым жерін кеңейтуге, халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыруға жұмсау мәселесін әкімдіктерге үнемі ескертіп айтып отырмыз», деді.

Бірақ бұл жауап депутат Бақытжан Базарбекті қанағаттандырмады. Ол нақты қай өңірдің әкімдері мұндай қадамға барғанын ашып айтуды талап етті.

«Мен фамилиясын, аты-жөндерін атаңыз деп тұрмын сізге. Неге әкімдерге шара қолдана алмайсыз? Бізде тиісті қылмыстық нормаларымыз бар. Сондықтан да тиісті фамилияларын беріңіз. Содан кейін біз жауапқа тартамыз. Ал егер жұмыс істей алмасаңыздар, біз министрмен қоса қуып шығамыз, министрліктен. Біз аямаймыз. Жайылымды жерлермен бірінші халықты қамтамасыз етуіміз керек», деді депутат.

Депутаттың бұлайша «агрессия» танытқаны Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ұнамады.

«Құрметті Бақытжан Жұмабекұлы бірінші кезекте, депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз! Агрессиясыз сөйлеңіз! Екіншіден, мен жақтап отырған жоқпын. Қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. 10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл бірінші кезекте, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Солай ма? Енді ол жерлер әділ бөлініп жатыр ма, әділ бөлінбей жатыр ма, сол ғой сіздің сұрағыңыз?! Ол бірінші кезекте жергілікті әкімдердің, екінші кезекте осы құзыретті органдардың мәселесі. Солардың жауапкершілігі. «Жер аманаты» комиссиясының құрамына Бас пролкуратура да кіреді, ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары кіреді, Жер ресурстары басшысының комитеті кіреді, депутаттар кіреді, сонымен қатар қоғамдық белсенділер, қоғам өкілдері де кіреді. Оның басшысының бірі өзіңізсіз. Сондықтан мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді. «Жер аманаты» комимссиясының да осы мәселені ар жағында қалай бөлініп жатыр, соны қадағалауға, бақылауға барлық құзыреті бар. Келістік пе?! Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері де қарауы керек және министрліктердің де жауапкершілігінде. Сонымен бірге комиссияның да құзыреті бар ғой. Бақытжан Жұмабекұлы, осы регламентті сақтауды қамтамасыз ететін палатаның басшысы ретінде сізге ескерту жасаймын», деді.

Сондай-ақ оқыңыз