Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаржы нарығындағы соңғы үрдістер туралы айтты
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қыркүйекте сыртқы нарықтардың динамикасына әсер еткен негізгі оқиғалар туралы мәлімдеді.
«Күткеніміздей, АҚШ Федералды резервтік жүйесі қыркүйек айында өткен отырыста пайыздық мөлшерлемені 5,25-5,5% аралығында сақтады. Алайда, баспасөз конференциясында ФРЖ төрағасы қатаң риториканы ұстанып, осы жылдың соңына дейін мөлшерлемені тағы да көтеру раунды жүргізілетінін және ұзақ уақыт бойы мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтау ниетін білдірді. Сонымен қатар Еуропа орталық банкі де жоғары мөлшерлемелердің ұзақ уақыт сақталатынын білдірді»-деді ол.
Осының аясында жаһандық тәуекел сентиментінің нашарлағаны байқалды. АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі көп жылғы ең жоғары көрсеткіштерге жетіп, капиталдың тәуекелді активтерден әкетілуін туындатты. 10 апта қатарынан өсуден кейін DXY АҚШ долларының индексі оң динамика көрсетіп, қыркүйек айында 2,5%-ға нығайды. Ал дамушы нарықтардың валюта индексі 2%-ға әлсіреді.
АҚШ-та инфляция күшейеді деп күтілген нәтижемен салыстырғанда, тамыз айында әлдеқайда тез өскені байқалды. Бір айда тұтыну бағасының индексі 0,6%-ға өсті. Бұл жыл басынан бері ең жоғары көрсеткіш саналады. Сонымен қатар АҚШ Сауда министрлігінің дерегі бойынша, екінші тоқсанда ЖІӨ өсімі жылдық есепте 2,1%-ға дейін төмендету жағына қарай қайта қаралды.
Барлық оқиғалар желісінде «үрей» индексі ретінде белгілі VIX құбылмалылық индексі қыркүйекте 29,1%-ға өсті. Акциялар нарығында төмендеу үрдісі жалғасып, MSCI World индексі бір айда 4,4%-ға төмендеді.
Мұнай нарығында ұсыныс қысқарып, АҚШ-та өңделмеген мұнай қоры төмендеген тұста өсу үрдісі байқалды. Қытай Орталық банкінің экономикадағы белсенділік тұрғысынан баяулауы аясында сұранысты ынталандыру мақсатында ақша-кредит саясатын жеңілдету ниеті туралы хабарламасы да мұнайға баға белгілеуде өсуге ықпал етті. Қыркүйектің қорытындысы бойынша, «қара алтынның» бағасы 9,7%-ға өсті.
Валюта нарығындағы операциялар бойынша деректер туралы
Өткен аптада мен валюта нарығындағы жағдайға түсініктеме бердім. Қысқаша айтқанда, мұнайға баға белгілеудегі өсімге қарамастан, ұлттық валюта қысқамерзімді әлсіреуіне бірқатар фактор ықпал етті.
Сыртқы факторлардың да, ішкі факторлардың да ықпалы бар. Сыртқы әсерден – АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюын атап өттім. Ішкі әсерден – бюджетті игерудегі белсенді кезеңге байланысты импорттаушылардың «маусымдық» сұранысы, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасының тоқтатылуы, сондай-ақ инфляцияның төмендеуі аясында Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету болды.
Қыркүйекте құбылмалылық әдеттегіден жоғары болғанына қарамастан, Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Айдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан 1 млрд 155 млн АҚШ доллары сатылды, бұл біз бұрын берген болжамдық мәндерге сәйкес келеді. Қазан айында 1,5 млрд АҚШ долларынан 1,6 млрд АҚШ долларына дейін сатуды жоспарлап отырмыз.
БЖЗҚ мен ҚДКБҚ тарапынан сатып алу тиісінше 200 және 60 млн АҚШ долларын құрады. Қазан айында сатып алу көлемі БЖЗҚ үшін 100-ден 150-ге дейін және ҚДКБҚ үшін 50-ден 70-ке дейін болады.
Валюта нарығындағы Ұлттық Банк әрекетінің ашықтығы жайында
Ұлттық қордан валюта сату операциялары теңге бағамына ықпал ету мақсатын көздемейді. Біздің валюта нарығындағы әрекеттеріміз барынша ашық – сату көлемі алдын ала жарияланады және біркелкі жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде нарыққа тигізетін әсерін азайтады.
Бір ай ішінде сату көлемі Қаржы министрлігі тарапынан сұратылған трансферт көлеміне сәйкес келетінін бөлек атап өткім келеді. Бұл деректер біздің сайтымызда бар. Қазан айында ішкі нарықта Ұлттық қордан сату Үкіметтің өтінімдері негізінде жүзеге асырылады.
Айналымдағы ноталар көлемінің біртіндеп қысқаруы туралы
ҚҰБ айналымдағы ноталардың көлемін біртіндеп азайтуды жоспарлап отыр. Келер жылдың басында ноталардың қазіргі екі шығарылымы бір нотаға шоғырландырылады. Ал 2024 жылғы 1-тоқсанның соңына қарай айналымдағы ноталар көлемін 500 млрд теңгеге дейін төмендету жоспарланып отыр.
Нарыққа шығарылатын ноталар көлемін біртіндеп азайту туралы жоспарымызды ҚҰБ соңғы жылдары ұдайы хабарлап келеді. 2020 жылы жылдық ноталарды шығарудан бас тарта бастадық. 2022 жылы осы жұмысымызды жалғастыра отырып, 3 және 6 айлық ноталарды алып тастадық. Сөйтіп, 28 күндік ноталарды шығару жиілігін де қысқарттық.
Тарихи тұрғыдан алғанда, ҚҰБ ноталарды 2016 жылы артық өтімділікті алу үшін және тәуекелсіз кірістілік қисығының «қысқа» сегментін құру үшін шығара бастады. Ол кезде нарықта репо нарығында кепіл ретінде пайдалануға болатын бағалы қағаздар болмады. Бірақ қазір жағдай өзгерді – Қаржы министрлігі МБҚ-ны белсенді түрде шығарады, ал қисықтың «қысқа» сегменті құрылып қойды.
ҚҰБ өзінің негізгі функциясы – инфляцияны төмендетуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыруды одан әрі жалғастырады. Алайда, біртіндеп өтімділікті алудың негізгі құралы – депозиттік аукцион болады.
Ұлттық Банктегі алтын-валюта резервтерінің динамикасы туралы
Қыркүйектің қорытындысы бойынша, алтын бағасы 1944 АҚШ долларынан 1872 АҚШ долларына дейін 3,7%-ға дейін төмендеді. Қыркүйекте бағалы металдың бағасы бірнеше себеппен алты айдағы ең төменгі деңгейге жетті. Ең алдымен, бұл доллар индексінің нығаюына байланысты. Қыркүйектің қорытындысы бойынша ол 2,5%-ға нығайды. Сонымен қатар, мен атап өткендей, ФРЖ басшысының мөлшерлемені сақтау туралы шешімі мен қатаңдату туралы мәлімдемесі аясында АҚШ мемлекеттік облигациялары бойынша нақты кірістіліктің артуы әсер етті. Жалпы, тарихи тұрғыдан алғанда, қаржы нарығында АҚШ-тың ұзақмерзімді облигациялары алтынның тәуекелі жоқ аналогы саналады. Сондықтан кірістіліктің айтарлықтай өсуі оларды бағалы металмен салыстырғанда тартымды етеді.
Алтын бағасының төмендеуін, сондай-ақ мемлекеттік борыштың өтелуін ескере отырып, алтын-валюта резервтерінің көлемі 31,9 млрд АҚШ долларына дейін азайды. Сонымен қатар банктердің ҚРҰБ-тағы валюталық шоттарында қалған қалдықтың төмендегені байқалды.
Қыркүйекте Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлеміне әсер еткен факторлар туралы
Биыл әлемнің жетекші орталық банктерінің монетарлық саясатты қатаңдатуынан инфляциялық қысымның тұрақталғанын байқап отырмыз. Егер осы жылдың басында нарықтарда жыл соңына қарай рецессия болады делінсе, қазір мейлінше күшті макродеректер шыққандықтан, инвесторлар дамыған елдердің, соның ішінде АҚШ экономикасының бұл кезеңнен жеңіл өтуін күтеді.
Осының аясында биылғы жылдың алғашқы 9 айында Ұлттық қорда 2,25 млрд АҚШ доллары мөлшерінде оң инвестициялық кіріс қалыптасты. Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қыркүйек айының соңында 57,8 млрд АҚШ доллары болып, жыл басынан бері шамамен 2,1 млрд АҚШ долларына ұлғайды.
Сөйте тұра, Ұлттық қордың көлемі өткен айда төмендеді. Трансферттер үшін ішкі валюта нарығында сату үлкен көлемі ұлғайған болатын. Ұлттық қор көлемінің төмендеуіне себеп болған фактор осы. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 438,9 млрд теңге аударылды.
Инвесторлар АҚШ ФРЖ жоғары пайыздық мөлшерлемелерді сақтау туралы риторикасын теріс бағалады. АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуі бүкіл әлем бойынша облигациялар кірістілігінің неғұрлым кеңінен өсуімен қатар жүрді және әлемдік орталық банктердің іс-қимылын көрсетті. Осы тұрғыда Ұлттық қордағы акциялар, облигациялар және алтын сияқты барлық актив кластарының төмендегені сезіліп, қыркүйек айы әдеттегідей жылдың «көрсеткіші аз» айы мәртебесін растады.
Бұл ретте Ұлттық қордың шоттарына түсетін валюталық түсімдер қыркүйекте 257 млн АҚШ долларын құрады.
Қаржы нарығының келешек динамикасы туралы
Қазіргі уақытта экономикадағы агенттердің назары АҚШ ФРЖ-ға және мөлшерлеме бойынша болашақ шешімге бағытталған. Мөлшерлемелерді көтеру циклінің аяқталуына қатысты нарықтың алдын ала сенімділігіне қарамастан, АҚШ ФРЖ-ның қазіргі риторикасы экономикадағы агенттердің күтулерін 2023 жылы мөлшерлеменің тағы бір ықтимал өсуіне түзетеді. Сонымен қатар сарапшылардың пайымдауынша, АҚШ Конгресінің үкіметті уақытша қаржыландыру туралы заң жобасын қабылдаған еді, мөлшерлемелерді көтеру циклінің аяқталуы туралы ФРЖ-ның өткен жолғы ұзаққа созылып кеткен коммуникациясы соған байланысты үзілген болуы мүмкін.
Дегенмен, АҚШ ФРЖ да, нарық та алдағы шешімнің нәтижелеріне қарамастан, инфляция 2% мақсатты көрсеткішке оралғанша мөлшерлеме 2024 жылы бірдей деңгейде сақталады деп тұрақты түрде күтеді.
«Қара алтынға» қатысты болжамдар туралы айтар болсақ, Goldman Sachs Brent эталондық маркалы мұнайға қатысты болжамдарын 2023 жылғы желтоқсан айына қарай барреліне 87 доллардан 93 долларға дейін және 2024 жылғы сәуір айына қарай барреліне 90 доллардан 95 долларға дейін көтерді. Бұл мұнай нарығының жағымды болжамын растайды. Goldman Sachs-тың қазіргі болжамына сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасы 2024 жылдың 3-тоқсанында барреліне 100 АҚШ доллары шегінен өте алады. Көтерілу үрдісі, ең алдымен, мұнай жеткізілімінің қысқаруына байланысты.