Көлсай көлдеріне автокөлікпен кіруге тыйым салынуы мүмкін

Жарияланды
Фото: Ашық дереккөзден

Көлсай көлдеріне автокөлікпен кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың сауалына жауабында айтқан.

Депутаттар өз сауалында Көлсай көлдерінің маңында кәсіпкерлер қонақ үй, бассейн, дәмхана салып тастағанын, мәлімет бойынша, бірде біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ екенін айтқан.

«Жер мақсатсыз пайдаланылуда. Ал, Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды, деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз. Ресми мәліметтер бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай»көлдеріне жарты миллион турист келіпті. Көлдің айналасында бос
жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ.
Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылуда. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады», деп шағымданған депутаттар.

Тұмса табиғаттың бұзылып бара жатқанын алға тартқан депутаттар Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне рұқсат берілгеніндей, Ұлттық парк ретіндегі мәртебесі бар Көлсайға да сондай шектеу енгізуді сұраған. Олардың айтуынша дәл осылай жалғаса берсе, 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қалу қаупі жоғары. Сонымен бірге депутаттар жеке меншікке өткен шұрайлы жерлердің мемлекеттік меншікке қайтуын талап еткен.

Өз кезегінде Тамар Дүйсенова «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның 23-бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін алып қоюға жол берілмейтінін, осыған байланысты, 2007 жылдан бастап Ұлттық парктің жері жеке меншікке берілмегеніне тоқталып өткен. Ал сол Заңның 46-бабына сәйкес туристік және рекреациялық қызметті салуға арналған учаскелер ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес және қазіргі инфрақұрылымымен де, жаңа инфрақұрылым құру үшін де туристік, рекреациялық және шектеулі
шаруашылық қызмет аймақтарында ғана берілгенін атап өткен.

«Ұлттық парктің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті құру үшін бес жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді пайдалануға және жиырма бес жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Осы учаскелерді ұсыну мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті салу қағидаларына сәйкес конкурс арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Ұлттық паркте 2 ұзақ мерзімді және 8 қысқа мерзімді пайдаланушы бар», дейді премьер-министрдің орынбасары.

Дүйсеноаның айтуынша «JS Travel» ЖШС, «Cross Road» ЖШС, «Отбасы» ЖК, «Атамекен Транс» ЖШС, «Нұр Сая» ЖК, «Арн Групп» ЖШС, «Тлемисов К.» ЖК, «Алимова М.» ЖК, Егізбаев Тельман, «Сафари Таушелек» ЖШС сынды жер паркінің барлық пайдаланушылары өз қызметін азаматтық заңнамаға сәйкес ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді пайдалану шарттары негізінде жүргізеді.

«Құрылыс эскизге сәйкес әзірленген жобалаусметалық құжаттамамен бірлесіп жүргізіледі. Бүгінгі таңда құрылыста бұзушылықтар анықталған жоқ. Көлсай көлінің аумағында 4 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) және Қайыңды көлінің аумағында 2 торап жұмыс істейді. Олардың кәріз жүйесі деректер жерге ағып кетпеуі үшін жасалған. Кейін олар арнайы бөлінген аумаққа (полигонға) автокөлік-парк ассенизаторымен шығарылады. Ағымдағы жылдың 8 айында Ұлттық саябақта 6 СГТ-дан ассенизатор автокөлігімен 3000 текше метр шайынды су шығарылды. Көлсай көлінің аумағына тек электромобильдердің кіруіне рұқсат беруге қатысты Электромобильдердің саябақ аумағына ерекше кіру мәселесін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп пысықтауда», деп жауап берген премьер министрдің орыбасары.

Сол сонымен бірге депутаттардың сұрауы бойынша ұлттық парктердің жер учаскелерін пайдаланудың заңдылығы бойынша қажетті талдау жүргізу мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылатынын, оған мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері кіретінін айтқан.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жекеменшік қонақүй қызметіне қатысты наразы пікірлер көбейген. Оған қатысты «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Әділхан Батанов түсініктеме берді. Оның айтуынша нормативтік-құқықтық актілерде табиғи парк айналасында қорғау аймағы көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде ерекше қорғалатын аумаққа жақын маңда кәсіпкерлік қызметтің ұсынылуына жол ашады.

Парк басшылығының дерегінше, оның маңындағы жерлерде кәсіпкерлік мақсат үшін жерді ұзақ мерзімге жалға алған, тіпті сатып алған шаруа қожалықтары бар. Дегенмен, «Көлсай көлдері» МҰТП басшылығы болашақта бұл мәселеге қатысты жоғары жаққа хат жазып, табиғи парк айналасында қорғау аймағын құру туралы ұсыныс жасауды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосылған.

Сондай-ақ оқыңыз