Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасады – Тоқаев

Жарияланды
Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» форумында сөз сөйледі /Аqorda.kz

«Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны Қытай елінің бастамасымен жүзеге асқан «ХХІ ғасырдың мегажобасы» деп атап өтті. Сонымен қатар, бұл жоба аясында «Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр», деп атап көрсетті

«Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды«, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дерегінше, бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

«Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды», деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы жобаларды дамыту үшін алдағы атқарылатын жұмыс жоспарын да жария етті. Президенттің мәлімдеуінше, үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салынып, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пункті ашылады. «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысы жалғасады.

«Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөлін атап өтті. Айтуынша, бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады.

Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға биылдыққа жасаған осы екінші сапары барысында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылған болатын. Осы бағытта Тоқаев, екі елдің күш-жігерін тиімді үйлестіру мақсатында ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынды.

«Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын«, – екенін жеткізді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады«.

Сонымен қатар Форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа,  соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз