Amanat партиясының депутаттары ең төменгі зейнетақы мөлшерін көтеруді ұсынып отыр
Фото:shutterstock.com
Депутаттар ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынып отыр. Ал ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. «АMANAT» фракциясының депутаттары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға осы мәселені көтеріп депуттық сауал жолдады.
Депутаттық сауалды оқыған Әділ Жұбанов Үкімет ендігі уақытта Қазақстанның әрбір азаматының лайықты қарттығын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс деп тұжырымдайды. Өйткені қазіргі ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес.
«Сондықтан да, жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынамын», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді.
«Зейнеткерлерге лайықты әрі жақсы зейнетақы төлеу – ел тұрғындарын қорғау элементі. Елдердегі зейнетақы мөлшері негізінде сол елдің экономикалық даму деңгейін, демографиялық жағдайды және әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты анықтауға болады. Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінің артуынан байқалады»,
Мәжілісмен Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек екенін айтады. Ең төменгі зейнетақыны алатындар көбіне еңбеқ өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам.
«Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе?», деді депутат.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін өсті. Еңбекмин ең төменгі жалақының өсуі 1,8 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің кірісіне әсер ететінін хабарлаған.
2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге жетпек. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.
«Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.