Алматыға бүкіл Латвия «келеді»: Қала көшелерінде күні сайын 1,1 млн көлік жүреді
Фото: ашық дереккөзден
Алматыға күн сайын бүкіл Латвияның көлігі «келеді». Полиция департаментінің мәліметінше, облыстардан 700 мыңнан астам көлік иесі күн сайын мегаполиске ат басын бұрады. Қаланың өзінде 617 мыңға жуын көлік тіркелгенін ескерсек, Алматы көшелерінде күніне 1,1 млн астам көлік жүйткиді.
Полиция департаменті дерегіне сүйенсек, 10 негізгі магистраль бойынша Алматы аумағына жұмыс күндері орта есеппен 400 мыңнан астам автомобиль кіреді екен. Облыстан қалаға кіретін қосымша 17 жолмен 300 мыңнан астам көлік келеді.
«Осылайша, Алматыға 700 мыңнан астам машина кіреді, бұл шамамен қала халқының үштен бірі – 2,147 млн адам. Бұл 2023 жылғы 6 қазанда жұма күні «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы көшелерді бақылау негізінде алынған деректер», -делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Алматыға жұмыс күндері келетін жеке көліктің санын бір елдің бүкіл автопаркімен салыстыруға болады. Айталық, Латвияда халық саны 1,891 миллион болса, елде 730 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Былайша айтқанда, облыстан Алматыға үнемі бүкіл Латвия «келеді».
«Жергілікті деңгейде есептесек, бұл Батыс Қазақстан облысының 5 (134 172 көлік) немесе Астананың 2 автопаркі (326 мың көлік) деген сөз. Сырттан кіретін көліктермен қоса, Алматының өзінде 617 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Бұған облыстан келетін 400 мыңнан астам көлікті қосқанда, мегаполис көшелерінде 1,1 млм көлік жүреді», – делінген хабарламада.