Мемлекет пен қоғам қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды – Тоқаев

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: akorda және shutterstock

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің парақшасында азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтады.

«Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтаймын! Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға бақ-береке тілеймін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өз парақшасында.

Құтқарушыларды мерекесімен ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов та құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзін алғыстан бастады.

«Ең алдымен, қиын, қауіпті қызметтеріңіз үшін, жүктелген міндеттер мен функцияларыңызды лайықты, адал орындайтындарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Соңғы уақытта біздің елде ғана емес, көрші мемлекеттерде де болып жатқан төтенше жағдайлар біздің жүйеміз үшін үлкен сынақ болды. Бірақ сіздер, біздің қызметкерлер күн демей, түн демей кез келген уақытта көмекке келуге дайын екендіктеріңізді және әр адамның өмірін сақтап қалу үшін күресетіндеріңізді көрсеттіңіздер», деді министр.

Ол «адалдық пен батылдық, ержүректік таныта отырып, қызметтік міндеттерін абыроймен орындап жүрген» қызметкерлеріне сәттілік тілеп, төтенше жағдайлардың аз болуын тіледі.

Бұған дейін, қазақстандық құтқарушылардың зілзаладан зарлап шеккен Ауғанстанға көмекке аттанғаны хабарланған болатын. Ауғанстанда құтқару жұмыстары басталғаннан бері қазақстандық құтқарушылар қаза тапқан 1 баланың денесін алып шықты, 80 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетілді, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді, Наиброфи елді мекеніндегі 700 қираған үйдің учаскесі тексерілді.

Абай облысында болған алапат өрттен кейін, Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді лауазымынан босатып, орнына ТЖМ қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы қызметін атқарған Сырым Шәріпханов тағайындалды.

«Семей орманы» табиғи резерватында 8 маусым күні тұтанған өрт салдарынан 14 адам опат болған еді. Юрий Ильин өрт ауқымының күрт ұлғаюына жағдайдың дұрыс болжанбауы ықпал еткенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз