Сенат мақұлдады: ЕАЭО өзара сауда көлемі 6 миллиард долларға жетуі мүмкін

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Сенат Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы Келісімді ратификациялауға қатысты Заңды мақұлдады.

Бұл Заң 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында жасалған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы Келісім негізінде әзірленген.

«Бұл келісім мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шараларын, оның ішінде сақтандыру жолымен қолдануды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыруға бағытталған. Келісім құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды», дейді Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров.

Бұл сақтандыру компаниясы өзара сауда және инвестициялар көлемін ұлғайтуға, компанияға қатысушы мемлекеттер арасындағы экономикалық интеграцияны дамытуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қатысушы мемлекеттердің үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге көмектеседі. сонымен бірге компанияға жаңа қатысушылардың кіруі үшін ашықтық қағидатына сәйкес халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға да жол ашпақ.

«Бұл компания – қайта сақтандыруды және экспорттық кредиттерді қамтамасыз етуді жүзеге асыруды, қатысушы мемлекеттер мен үшінші елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерімен, сақтандырушыларымен және қайта сақтандырушыларымен өзара іс-қимылды жүзеге асыруды көздейді. Сонымен бірге қатысушы мемлекеттерде тәуекелдерді қайта сақтандыру кезінде тәуекелдерге бағалау жүргізуге, тәуекелдерді барынша азайтуға және залалдарды реттеуге жәрдемдесуді, қайта сақтандыру саласында маркетингтік зерттеулерді, консультациялық, зерттеушілік және ағартушылық қызметті жүргізеді», дейді комитет хатшысы.

Келісімді қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, сондай-ақ бірлескен бизнес-жобалардың үшінші елдердің нарықтарына шығуына белсенді қатысуға мүмкіндік беретінін айтты сенатор Сүйіндік Алдашев.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл бағытты дамыту тек ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік одақтар мен бірлестіктер шеңберінде де жүзеге асырылады. Сондықтан осы бағыттағы интеграциялық процестерді дамыту Еуразиялық экономикалық одақ үшін де өзекті. Әсіресе, геосаяси тұрақсыздық пен дағдарыс құбылыстарының көріністері жағдайында. Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру Одақтың жекелеген елдерінің экспортын қолдау мақсатын көздемейтінін, бірақ өзара сауданы ынталандыруды және үшінші елдерге шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуды көздейтінін түсіну қажет», деді сенатор.

Өз кезегінде, бұл заң Қазақстан экономикасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда айналымын едәуір ұлғайтуға, сондай-ақ олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізуге оң әсер етеді деп күтілуде. Сенатор сонымен бірге бұл компания көмегімен Одақ ішіндегі өзара сауданың әлеуетті өсуі 6 миллиард АҚШ долларынан асуы мүмкін екенін, Қазақстан экономикасына сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз