Қырғызстандағы «Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Өзбекстан мен Қазақстанның үлестік қатысуымен салынуы мүмкін
«Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның 34%, 33%, 33% үлестік қатысуымен салынуы мүмкін. Десе де, Қырғызстан басқа да әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жайлы Қырғызстан Энергетика министрлігі хабарлады.
Қырғыз тарапы «Қамбар-Ата ГЭС-1» тез арада іске қосылса, бұл Қырғызстан үшін де және Орталық Азия елдері үшін де тиімді болатынын айтады.
«Бұл су электр станциясының құрылысы Қырғызстанның генерациясын арттырумен қатар, экспорттық әлеуетін арттырады және өңірдегі су-энергетикалық теңгерімді тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Өзбекстан бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық танытты. 2023 жылғы 6 қаңтарда үш республиканың энергетика министрліктері деңгейіндегі кездесудің қорытындысы бойынша тараптар жол картасына қол қойды. Бүгінде тараптар жобаға Қырғызстанның, Қазақстан мен Өзбекстанның тиісінше 34%, 33%, 33% үлестік қатысуы мәселелерін қарастыруда. Тараптармен бірлескен келісім жобасы әзірленуде. Ықтимал ынтымақтастықтың нақты шарттарын тараптар әлі анықтаған жоқ», деп хабарлайды көрші елі министрлігі.
Яғни нақты шарт жасалмағаны себепті, Қырғызстан тарапы басқа да әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Осы орайда «Қамбар-Ата ГЭС-1» инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында ол жерлерді электр қуатымен қамтамасыз етіп, кiрме жолдар, көлiк туннелiн және Нарын өзенiнiң оң жағалауына көпiр салып, құрылыс алаңына шығуды қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ауқымды өңірлік жобаны жүзеге асыруды жеделдету мақсатында халықаралық қаржы институттарынан қаржыландыруды тарту мәселесі пысықталып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жаңарту бойынша Дүниежүзілік банкпен тиісті рәсімдер жүргізілген. Нәтижесінде Банк бұл жобаға 5 миллион доллар бөлген. Оның 2 миллион доллары грант болса, 3 миллион доллары 2073 жылға дейін пайызсыз несие ретінде берілген.
«Қамбар-Ата ГЭС-1″ құрылысы жобасын жүзеге асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайта түсетін Орталық Азиядағы ең ірі су электр станцияларының біріне айналады», делінген хабарламада.
«Қамбар Ата ГЭС-1 құрылысы» жобасы бойынша Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан энергетика министрліктерінің үшжақты кездесуі өткен туралы «Курсив» жазған болатын. Кездесу аясында жобаның «Жол картасын» іске асыру барысы талқыланды, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бойынша құжат жобасы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша жобаны іске асыруға дайындаудың негізгі кезеңдері келісіліп, тараптар наурыз айында кездесуі керек болған.