Қазақстандықтардың 59%-ы жұмыс берушіден жалақысын көтеруді сұрауды жоспарлап отыр
HeadHunter онлайн платформасы 2-15 қазан аралығында жарияланған жұмыс берушілердегі бос орындар мен үміткерлердің түйіндемелерінің талдауы негізінде сауалнама жүргізген. Нәтижесінде 59% қазақстандықтардың жұмыс берушіден өз жалақысын көтеруді сұрауды жоспарлап отырғанын анықтаған.
Платформа жүргізген онлайн сауалнамаға 1357 қолданушы қатысқан. Сонымен бірге жұмыс беруші компаниялардың 42%-ы қызметкерлер жалақысын тұрақты түрде индексациялайтыны белгілі болған. Олар әдетте жылына бір рет индекстеу жүргізіліп тұрады. Ал индексация жоқ компаниялардың қызметкерлері жалақысын көтеру бастамасын өз қолдарына алады. Атап айтқанда, сұралған адамдардың 59 пайызы алдағы уқытта жалақысын көтеруді сұрауды жоспарлап отыр. Олар жалақысын көтеруге негіз болатын түрлі себептерді алға тартқан.
Жалқысын көтеруді сұрайтын қызметкерлердің 58%-ы өткен кезеңдегі жетістіктерін ескере отырып, өзінің қызметі үшін төлем құны көтерілуі керек деп санайды. Ал 49%-ы басқа жұмыс орындарындағы нарықтық ұсыныстарға талдау жасай келе жалақысын көтеруді сұрайтынын айтқан. 17% адам өзінің жалақысын бірге істейтін әріптестерінің жалқысымен салыстыра келе, көтерілуі тиіс деп санайды екен. Ал 7%-ы жалақысын көтермесе, компаниядан жұмыстан кететінін айтқан.
Жалақысын көтеруді талап етуге ниеттенген жұмысшылардың 21%-ға жуығы жыл соңына дейін жұмыс берушімен жалақыны көтеру туралы сөйлесетінін айтса, шамамен 41%-ы бұл әңгімені 2024 жылдың басына қалдырған, ал 38% мұндай әңгіменің нақты қашан болатынын нақты шешпеген.
Онлайн платформа мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда сату менеджерлері, программистер,бағдарлама әзірлеушілер, логистика саласы қызметкерлерінің айлық жалақылары өскен. Ең жоғары жалақы ақпараттық технологиялар саласында бағдарлама әзірлеуші мамандарға тиесілі екен.
Бұған дейін Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан қалаларындағы жалақы деңгейі бойынша рейтинг жариялаған. Бұл тізім бойынша ең жоғары жалақыны Жаңаөзен қаласының тұрғындары алса, ең төменгі айлық Талдықорған қаласында тіркелген.
Елімізде 2024 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.
Айта кетерлігі, елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы айтарлықтай. Finprom.kz сайтының дерегінше, ол 33,7% құрайды. 2022 жылы ерлердің жалақысы орташа есеппен 355,3 мың теңге, бір жылда 26,3% көбейген, әйелдердікі — 265,8 мың теңге, 20,7% көбейген.
Бұған дейін Қазақстанда IT мамандардың орташа жалақысы 876,1 мың теңгені құрайтынып жазғанбыз. Саладағы 249 кәсіпорынның 204-і шағын, 34-і орта, 11-і ірі компаниялар. Бұл ретте сектордағы ең төменгі жалақы шағын ұйымдардың қызметкерлері арасында байқалады. 2023 жылдың бірінші тоқсанында ондағы орташа жалақы шамамен 635,2 мың теңгені құраған, ал ірі компаниялардағы жалақы 797,6 мың теңге болған. Ең жоғары көрсеткіш орта кәсіпорындарға тиесі. Ондағы орташа жалақы көлемі 876,1 мың теңгені құрайды.