Тоқаев Бас прокуратура жанынан құрылған Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасын тағайындады

Жарияланды
Тоқаев
Тоқаев Бас прокуратурада бірнеше тағайындау жасады / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен сенбі, 21 қазан күні Бас прокуратурада бірнеше тағайындау болды. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша Мемлекет басшысының өкімімен Ғалымжан Мәмбетұлы Қойгелдиев Республика Бас Прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Нұрдәулет Мықтыбекұлы Сүйіндіков Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанына құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті заңсыз сатып алынған мүлікті қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекет мүддесі үшін мүлікті қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ведомство саналады», делінген құжатта.

Айта кетейік, қыркүйек айының соңында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылды. Оның жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі болады.

Бұл компания мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын болады. Компания «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң негізінде құрылған.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу серіктестік қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын», делінген қаулыда.

Серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың мемлекеттік үлесіне иелік ету және оны пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне беріледі.

Еске сала кетсек, 24 мамырда мәжілісте баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеген болатын.

7 маусымда Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң жобасын мақұлдады.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз