«Балаларды шошытады»: Мәдмин қоғамдық орындарда паранжа киюге неге тыйым салғысы келетінін түсіндірді

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Қазақстан билігі қоғамдық орындарда паранжа мен ниқаб киюге тыйым салуға ниетті. Өйткені мұндай киім киген әйелдердің сырт келбеті «полицейлерге оларды тануға кедергі жасап», сонымен қатар кейбір азаматтарды «шошытып», балаларды «қорқытады». Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Курсив» сауалына берген жауабында жазылған.

Министрлік неліктен мұндай тыйым енгізгісі келеді?

Министрлік қыз-келіншектердің қоғамдық орындарда құқын қорғау орындары олардың жеке тұлғасын анықтауына кедергі келтіретін киім киюі жиілеп кеткенін атап өтті. Сөз ниқаб, паранжа, перде және балаклава туралы болып отыр. Министліктің хабарлауынша, мұндай киімге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шаралардың тиімділігін төмендететіндіктен тыйым салынбақ.

«Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға азаматтардан қоғамдық орындарда бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киіммен жүруіне тыйым салу шараларын қабылдауға қатысты көптеген өтініш түседі. Өйткені бұл адамдардың сырт келбеті оларды шошытып, ал балаларын қорқытады. Олардың пікірінше, бұл психологиялық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін», – делінген хабарламада.

Айыппұл салынуы мүмкін бе?

Әзірге қоғамдық орында ниқабпен жүргендерге айыппұл салынбайды. Дегенмен, министрліктің хабарлауынша, жауапкершілік мәселесі қастырылып жатыр. Ұзын сақал қойып, қысқа шалбар киетін «исламның дәстүрлі емес» ағымын ұстанатын ерлерге айыппұл салу да қарастырылып жатқан жоқ.

«Бұл ретте аталған стандарттарды әзірлеу және қабылдау мүдделі мемлекеттік органдар, қоғам және діни бірлестіктермен егжей-тегжей талқыланатын болады», – деп хабарлады министрлік.

Қазақстан қай елдің тәжірибесіне сүйенеді? Министрлік Бельгия, Нидерланды, Франция мен Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Өзбекстанда қоғамдық орындарда бетті жасыратын киім киюге тыйым салынғанын мәлімдеді.

Мысалы, Бельгияда бетті жауып тұратын киім киюге тыйым салынған. Көше, саябақ, ресми мекемелерде мұндай киім киюге болмайды. Заңды бұзғандар 15-25 еуро көлемінде айыппұл төлейді немесе жеті тәулікке дейін қамауға алынады. Тек мереке, карнавал және басқа да мәдени іс-шаралар кезінде, жергілікті билік рұқсат берсе ғана киюі мүмкін.

Министрлік берген жауапта Қазақстанның исламдағы ханафи мазхабы мен христиандықтың православ бағыты халық мәдениеті мен рухани өмірін дамытудағы тарихи рөлін мойындайтын зайырлы мемлекет екені айтылған. Мемлекет басқа діндерді де құрметтейді және конфессияаралық келісім мен азаматтардың діни сеніміне құрметпен қараудың маңызын мойындайды.

Алайда, министрлік мәліметінше, «бірқатар деструктивті діни ағымды ұстанушылар Қазақстанның зайырлы мемлекетіне, тарихы мен дәстүріне қарсы, заңды мемлекеттік билікті мойындамайды және қолдамайды». Бұл идеология діни көзқарасына қарамастан «адам құқықтары, бостандығы мен заңды мүдделеріне қол сұғу идеясын жүргізумен» сипатталады.

«Бұл идеологияның қауіптілігі сол, діндар халық арасында конфессияаралық өшпенділік тудырып жатыр», – делінген хабарламада.

Сондықтан, министрлік халық арасында, оның ішінде интернет арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіледі. Бұл іс-шаралар рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге, діни сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға бағытталған.

Биыл күзде парламентте дін мәселесі бірнеше рет көтерілді. Мәселен, депутат Ринат Зайытов Қазақстанда бүкіл діни конфессияның құқығын қорғау керегін айтса, сенатор Нұртөре Жүсіп дін туралы заңнаманы жетілдіруді ұсынды. Нәтижесінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық орындарда ниқаб киюге шектеу қойылатынын мәлімдеді.

Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджап мәселесі шешілгенін, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз