Костенко шахтасындағы жағдай: ТЖМ 45 кеншінің опат болғанын растады, 1 адам іздестірілуде
29 қазан күні, кешке ТЖМ баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада 45 адамның денесі табылғанын хабарлады. Тағы 1 кенші іздестіріліп жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, Костенко атындағы шахтада аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде.
«Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 45 кеншінің денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда», делінген хабарламада.
ТЖМ мәліметінше құтқару жұмыстары бір-бірінен шамамен 6 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде.
«Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық мүмкін жолдары пысықталуда», делінген хабарламада.
Бұдан бұрын мәлңм болғанындай, апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов шахтаға түскен болатын.
«Тексеру барысында өрт пен жарылыстың әсеріне ұшыраған қазбалар қаралды, онда: – шахта жабдығының бұзылуы және жылжуы; -металл-аркалы бекіту элементтеріндегі шаң шөгінділері; – желдету құрылыстарының зақымдануы анықталды. Көзге көрінетін жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты», делінген ақпаратта.
ТЖМ басшысы Шәріпханов шахтада болған апатты тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізгені де хабарланды.
28 қазан күні Костенко шахтасында опат болған 5 адамның аты-жөні жарияланды.
Президент 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.