Жарғылық капиталы 300 млн теңге: Каспий теңізінің тартылуы себебін анықтау үшін ғылыми институт құрылады
Қазақстанда Каспий теңізін зерттеу үшін жарғылық капиталы 300 млн теңгені құрайтын ғылыми-зерттеу институты құрылады.
Мекеме «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» деп аталады. Осыған қатысты Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми сайтында Үкiметтің қаулысы жарияланды.
«Жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – КеАҚ) құрылсын!» – деп жазылған қаулыда.
Құжатта ғылыми-зерттеу институтының жарғылық капиталы қанша болатыны нақтыланған.
«КеАҚ жарғылық капиталы республикалық бюджеттің есебінен 300 млн (үш жүз миллион) теңге көлемінде қалыптастырылсын!» – делінген қаулыда.
«Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» қаулы жобасына әзірленген түсіндірме жазбада ғылыми-зерттеу институтының «Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі мен итбалықтардың және балықтардың жаппай қырылу себебін анықтаумен айналысатыны, итбалықтардың популяциясы мен ихтиофаунасын» зерттейтіні соынмен қатар Каспий теңізінің акваториясы мен жағалауын тексеретіні жазылған.
Жоба 2023 жылдың IV тоқсанында жүзеге асырылуы тиіс.