Астанадағы блэкаут: арнайы комиссия апаттың себебін анықтайды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Астанада 29 қазаннан 30 қазанға қараған түні 100 мыңнан аса тұрғын жарықсыз қалған. Бұл туралы Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

«Біз қаланың бір бөлігі жарықсыз қалғанын білеміз. Электр қуатының 30 минут болмауы да көп уақыт. Астанада жарықты тұтынатын 500 мыңнан аса абонент бар. Соның шамамен 100 мыңы жарықсыз қалды. Қаланың 20%-ы электр қуатынсыз қалды. Барлық шара қабылданды», – деді Сұңғат Есімханов Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтің айтуынша, 29 қазан кешкі сағат 21:57-де қаланы жарықпен қамтамасыз ететін 10 подстанция істен шықты.

«Соның салдарынан Астананың оң жағалауы электр қуатынсыз қалды. 23:00-де әуежайдағы подстанция іске қосылды. Содан кейін сағат 23:10-де «Байтеректегі» подстанцияға электр қуаты берілді. Түнгі 2:00-дейін барлық подстанция жұмыс істеді», – деді ол.

Айтуынша, №2 жылу электр орталығында техникалық ақау болмаған.

«№2 ЖЭО шаттық режимде жұмыс істеп тұр. Апатты жағдайда электр желілерінде болған. Қарапайым сөзбен айтсақ, кабель үзіліп, шкафтардың бірі жанған. Бұл штаттан тыс жағдай. Апаттың салдары 5 сағатта жойылды. Түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр қуаты берілді. Қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысанда электр энергиясын беруге шектеу болды. Медицина мекемелерінде жарық өшу дерегі тіркелді», – деді Нұрлан Нұркенов.

Барлық медициналық объектіде дизель-генераторлар іске қосылып, энергиямен қамтамасыз етілген.

«Төтенше жағдай кезінде реанимация және операциялық блоктарда дизель-генераторлар жұмыс істейді. Осылайша, оларға жарық беріледі. Медициналық мекемелердегі қызметіне қауіп төнбеді», – деді қала әкімінің орынбасары.
Ал Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов осы жағдайға байланысты комиссия құрылатынын айтты.
«Комиссия апаттың себебін анықтайды. Комиссия құрамына барлық мүдделі мемлекеттік орган мен сарапшы енді. 10 күннің ішінде комиссия жұмысты аяқтайды. Оның қорытындысын жариялаймыз», – деді Есімханов.

Жексенбі 29 қазан күні түнде Астана қаласының бірқатар аудандары жарықсыз, сусыз қалып, төтенше жағдайлар және коммуналдық қызметтер қалпына келтіру үшін шұғыл іске кіріскен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз