Депутаттардың несие жүктемесін азайтуға қатысты ұсынысы қаржы нарығының дамуын шектей ме?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Былтырдан бері несие жүктемесінің шамадан тыс артып кеткені туралы жиі сөз бола бастады. Жеке тұлға банкроттығы, оның алдындағы халықтың несиесін кешіру, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін азайту секілді бастамалардың барлығы дерлік осынау ауыр жүкті жеңілдету жолындағы қадамдар еді. Өткен аптада мәжілісте осы мәселе кеңінен талқыланып, арнайы тыңдау өткізілді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, несие алу процедурасының жеңілдігі және қолжетімділігі осындай ауыр салдарға әкеп соқтырып отыр.

«Қазір онлайн несиені тіпті 14-16 жастағы жасөспірімдер де рәсімдей алады. Ол үшін тек смартфон мен интернет болса жеткілікті. Мұндай жаста қаржылық жауапкершілік арқалау қажет пе? Нәтижесінде, ертеңгі күні сол кредитті оның әке-шешесі, ата-әжесі төлейді. Адамдар несиені ойланбай ала салады, тіпті қажетсіз заттар үшін де. Бір адамның басындағы бірнеше кредит қалыпты құбылысқа айналды. Мойындағы жүктен құтылу үшін тағы да несие алайын деп банкке жүгіне береді. Мұндай мысалдар толып жатыр. Енді сауал туады. Онсыз да несие жүктемесі көп екенін біле тұра үстемелеп кредит бере беретін қай банктер? Ақырында адамдар қаржылық тұзақтан тезірек құтылып шығамын деп түрлі қаржы пирамидаларының, алаяқтардың құрбаны болып жатады», дейді Ерлан Қошанов.

Оның сөзінше, ендігі ретте несие беру шарттарын заңнамалық деңгейде қатаңдату қажет.

«Төлем қабілеті төмен азаматтарға несие беруді тоқтату керек. Онлайн-несиелеуге де қатаң регламент жасаған жөн. Жеке тұлғалар несиесінің шекті ставкасын төмендету керек. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың баспанасынан айырылып, далада қалуына жол бермеуіміз керек. Сол себепті бүгін халықтың несие жүктемесін төмендету шараларын талқылап, нақты шешімдер қабылдасақ деймін. Айта кетейін, бұл Президенттің тапсырмасы, оны депутаттар қатаң бақылауда ұстайтын болады», деген еді Мәжіліс спикері.

Halyk Finance сарапшыларының пайымынша, парламент және қаржылық қадағалаушы тарапынан ұсынылып отырған кейбір ұсыныстар қисынға келмейді.

«Парламент, сондай-ақ қаржы реттеушісі тарапынан кредиттеу шегі, сондай-ақ коллекторларға кредиттерді сатуға толық тыйым салу туралы және микроқаржы ұйымдары үшін қосымша шектеулер ұсынылды. Біздің ойымызша, мұның бәрі өте даулы болып көрінеді және қаржы нарығының дамуын тежеуі мүмкін. Тұтынушылық несиелердің қазіргі деңгейлері жоғары деп айтылды, ал несиелік ұйымдарды, атап айтқанда микроқаржы ұйымдарын реттеу жеткіліксіз және қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді жинақтауға мүмкіндік береді», дейді сарапшылар.

Бұл ретте осыншама ауыр жүктеме бар деген оймен Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова келіспейді. Мұны Ерлан Қошанов та айтып, сынға алып өткен еді. Бахмутованың айтуынша, қазіргі жағдай ушығып тұрған жоқ. Тұтынушылық займдардың бөлінісіне қарасақ, қарыз алушылардың басым бөлігінде қарыз сомасы өте төмен дейді ол.

«Оның пікірінше, бұл мәселеде 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушыларға тұтынушылық несиелер беруге тыйым салуға, сондай-ақ адал қарыз алушыларға әсер етпестен табысы төмен қарыз алушылар үшін шектеулерге және олар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қысқартуға қатысты болуы керек. Жалпы, біз Қаржыгерлер қауымдастығының пікірін қуаттап,  бұл ұстанымды өте негізді және ақылға қонымды деп санаймыз. Біздің жақында жариялаған банк секторы туралы есебімізде де ЖІӨ-дегі бөлшек несиелеу үлесінің дамыған, тіпті дамушы елдермен салыстырғанда да өте төмен екені айтылған. Бұл орайда жалпы үй шаруашылығы шығындарындағы несие өтеу шығындарының үлесі Маңғыстау облысындағы 0,4 пайыздан Ұлытау облысындағы 16,1 пайызға дейін жетеді. Сонда Қазақстан бойынша орташа көрсеткіші – 6,2 пайыз. Бұл 2023 жылдың екінші тоқсанының соңындағы көрсеткіш».

Бір қызығы, осындай пікірді тек Бахмутова ғана айтқан жоқ. Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы да, қазіргі төрағасы да біраз уақыт бұрын осыған ұқсас пікір білдірген еді.

«Ұлттық банк 0,5-ке тең қарыз жүктемесінің максималды коэффициент деңгейін бекітті. 2023 жылдың 1 мамырындағы есептеу нәтижелері бойынша қарыздық жүктеме коэффициентінің мәні нормативтен төмен деңгейде», деген еді былтыр Ғалымжан Пірматов (Ұлттық банктің экс-басшысы).

Ал жуырда ғана тағайындалған Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің көбеюін қалыпты жағдай деп бағалайтынын жеткізді.

«Тұтынушылық займдар, сөз жоқ, біздің өміріміздің бір бөлігі, одан қашып құтыла алмаймыз. Еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігінде несиенің болуынан мен ешқандай проблема көріп отырған жоқпын. Біз дүкенге барамыз, бөліп төлеу арқылы аламыз. Қазір банктердің тұтынушылық займнан экономикаға кетуі үшін арнайы көрсеткіштер әзірлеп жатырмыз», деді Тимур Сүлейменов.

Сарапшылар пікірінше, біздегі көрсеткіш (халықтың несие жүктемесі – ред.) АҚШ-тағы цифрлардан да төмен. Ол жақта жалпы үй шаруашылығы кірістеріндегі шығын көлемі 10 пайызға жуықтайды.

«Дегенмен тұтынушылық несиелеу секторында бірқатар проблемалар» бар дейді сала сарапшылары, «солардың көбі айтарлықтай назар аударуды талап етеді. Мұны айтқан кезде соңғы жылдары қатты байқалып отырған кепілсіз тұтынушылық займдар өсімі қарқынының артқанын, корпоративті займдармен салыстырғанда бөлшек несиелеудің алға түсіп кеткенін, қарыз алушылар санының белсенді өсіп кеткенін негізге аламыз. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қарыз алушылардың жалпы саны 7,7 млн адамға жетті», деген дерек келтіреді Halyk Finance.

Тұтынушылық несие – халық тұтынушылығының қаржыландырудың көзі, экономикаға несие берудің маңызды бағыты, сәйкесінше экономиканың өзге де секторларын ынталандыратын құрал. Сондықтан тұтынушылық несиелеу секторына қандай да бір шектеу енгізуде абай болу керек дейді мамандар.

«Біздіңше, проблемалық займдардың коллекторлық агенттіктерге сатылуына толық тыйым енгізу бастамасы халықтың несие жүктемесі мәселесін шешпейді. Мұндай шара қаржы нарығының регрессіне әкеп соқтыруы ықтимал, өйткені коллекторлар институты маңызды функцияны орындайды және займды қайта құрылымдауға, банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие портфелін сауықтыруға көмектеседі. Проблемалық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуды тоқтатып тастау салдарынан бұл функцияны кредиторлардың өздері – банктер мен микроқаржы ұйымдары атқаруға мәжбүр болады. Ал олардың дәл осы бағытта сарапшылық және арнайы білім-білігі жоқ. Халық арасында да, саясаткерлер арасында да кең таралған коллекторлар институтына деген мұндай теріс көзқарасқа тәуелсіздік пен қаржы секторының қалыптасуының басында қалыптасқан коллекторлардың бейнесі әсер еткен болуы мүмкін. Алайда қазір бұл институт адамдар ойлап жүргендей қатаң шараларды қолданбайды, керісінше түрлі тиімді жоғары технологиялық құралдарды пайдаланады. Мысалы, коллекторлық қызмет туралы заңда белгіленген коллекторлардың мінез-құлқы мен этикасының нақты ережелері бар, бұл олардың жұмысының қолайсыз әдістерін жоққа шығарады. Сондай-ақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде мемлекеттік тіркеуден өткен және біліктілік талаптарына сәйкес келетін компаниялар ғана коллекторлық қызметпен айналыса алады», дейді сарапшылар.

Парламенттік тыңдау кезінде айтылған тағы бір шектеу – тұтынушылық несиелерді беру бойынша жоғарғы шекараны бекіту.

«Алайда несиелердің халық арасындағы сома бойынша бөлінісін ескере отырып – халықтың небәрі 10 пайызы 2,9 млн теңгеден жоғары несие алады, сондай-ақ жалпы динамика тұтынушылық несиенің орташа мөлшерінің төмендегенін көрсетеді. Сондықтан аталған шараның тиімді бола қоюы екіталай. Оның үстіне, шектеу шарасы несие тарихы оң, адал қарыз алушылардың қаржы ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігіне зиянын тигізуі мүмкін», дейді.

Halyk Finance өкілдерінің түсіндіруінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолға алып жатқан МҚҰ жарғылық капиталына талаптарды қатаңдату шарасы да қисынсыз.

«Оның мөлшері біртіндеп ұлғаюда және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 200 млн теңгені құрауға тиіс. МҚҰ – бұл салымшылардың ақшасын қорғау үшін әдетте пруденциалдық нормативтер қолданылатын депозитарлық институттар емес. Яғни МҚҰ беретін несиелер банктердегідей депозиттермен қорланбайды. Сондықтан МҚҰ капиталына қойылатын талаптарды қатаңдату, біздің ойымызша, микрокредиттеу нарығының дамуына кедергі келтіруі мүмкін қажетсіз реттеуші жүктеме сияқты. МҚҰ-ны реттеу тұтынушылардың (қарыз алушылардың) құқықтарын қорғау бөлігінде ғана шоғырлануға тиіс. Тұтынушылық несие алатын қарыз алушыларға МҚҰ капиталының мөлшері әсер етпейді», дейді олар.

Тимур Әбілқасымовқа тиесілі Risk Takers телеграмм арнасы сарапшыларының көзқарасы Halyk Finance өкілдерінің пікірімен қайшы келеді.

«Отырыс барысында қаржылық қадағалаушы көптеген шараларды ұсынды, оның ішінде ставканы төмендету қажеттілігі де бар. Бұл қадағалаушының банктік лобби мен Bloomberg-те жазылған фактілерге қарамастан қолын төмен түсіре салмағанын көрсетеді. Сондай-ақ айтарлықтай проблема көрмейміз деп банк лоббилерінің өкілдері де пікір айтты. Қызығы отырыстан кейін басталды. Мұндай практикаға жүгінуді жақсы көретін банктер бүкіл проблеманың түп-төркіні МҚҰ-лардан шығып жатыр дегенге баса назар аудартуға көшті. Әрине, МҚҰ халықтың несие жүктемесін арттыруға үлес қосып жатыр, бірақ банктер дефолтты займдар беру жөнінен тіптен алға шығып кеткен. Елдегі проблемалық қарыз өсімінің негізгі катализаторы – банктер. Жеке сарапшылар несиелендіру деңгейін тек бір көрсеткіш бойынша – басқа елдердің жалпы ішкі өніміндегі кредит үлесімен салыстырады. Бұл адамдарды адастыру үшін әдейі жасалатыны түсінікті. Несиелендіруді талдау кезінде көптеген әртүрлі көрсеткіштерді ескеру қажет. Мысалы, экономикалық белсенді халықтың 84 пайызының немесе 7,9 миллион адамның несиесі бар екенін және 2026 жылға қарай ағымдағы өсу қарқынымен жұмыс істейтін адамдардың барлығында, 100 пайызында бір немесе бірнеше несие болатынын ескеру қажет», дейді арна сарапшылары.

Мемлекеттік несие бюросының ақпараты бойынша, банктер 7,3 млн адамға (қарыз алушылардың 72 пайызы) несие берген. Ал МҚҰ-лар 1,6 млн адамды несиелеп отыр (банкпен салыстырғанда 4,6 есе төмен).

«Желіде проблемалық қарыз алушылардың негізінен банк емес, МҚҰ-ға тиесілі екені де талқыланып жатыр. Бұл жерде МҚҰ-лардың да, банктердің де проблемалық кредиттерді коллекторларға белсенді түрде беріп, балансынан өшіріп тастап жатқанын айтып өту керек. Бұл компоненттерді жиынтық түрде қарастырсақ, банктердің еншісіне – 1,03 млн, ал МҚҰ еншісіне 347 мың проблемалық қарыз алушы тиесілі болады. Бұл екі сектор үшін де тым жоғары көрсеткіштер болып саналады және Қазақстанда халықтың несие жүктемесінің проблемалық деңгейге кетіп қалғанын айғақтайды. Дефолттық займдардың жоғары көрсеткішіне қарамастан тек банк немесе МҚҰ басты проблема болып отыр деуге тағы болмайды. Сөзсіз, банктер мен МҚҰ жоғарғы деңгейдегі тәуекел-тәбетке ие. Бұған жол беруге болмайды. Қадағалаушы парламентпен бірлесіп шешімтал шаралар қабылдауы тиіс, сонда ғана проблемалық қарыз алушылар өсімін тоқтата аламыз. Сонымен қатар халықтың несие жүктемесіне себеп болып отырған төменгі табыс дейтін себепті де ұмытуға болмас. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі де маңызды. Осы қателіктерді ескере келе мемлекеттік саяси билік проблеманы мойындап, оны шешуді бастауы керек», деп жазады Risk Takers сарапшылары.

Сондай-ақ оқыңыз