Ұлттық банк неге Ұлттық қордың ақшасына ҚМГ акцияларын сатып алды?
Қазақстаның Ұлттық банкі қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламада өткен айда республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған. Алайда соның ішінде қанша қаржы ҚМГ акцияларын сатып алуға жұмсалғаны нақтыланбаған.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке тікелей трансферт қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын сатып алу үшін $1 512 миллион валюта сатылды», -делінген хабарламада.
2022 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзгеріс енгізілген. Бұл өзгеріс «Самұрық-Қазынаға» Ұлттық қордан тікелей (бұрынғыдай бюджет арқылы емес) несие беруге рұқсат берді. 2023 жылдың қыркүйек айының соңында құжатқа қосымша түзету енгізілді. Енді үкімет шешімімен Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін ҚМГ акцияларын нарықтық құнынан жеңілдікпен сатып алуға рұқсат етілді, бұл ретте халықаралық SPO кезінде қор өз үлесін басымдықпен сатуға құқығы бар. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен стратегиялық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болады.
Жақында Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуына рұқсат етуге байланысты түсініктеме берді. Министрліктің айтуынша, ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған. Яғни үкімет бюджет жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерден бөлек, қордан тағы қаржы алудың жолын тапқандай.
Қазан айында Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда көлемінің 47%-ын құрап, тәулігіне 72 млн АҚШ долларын құраған. Өткен аймен салыстырғанда, Ұлттық қордан валюта сату күрт өскенін байқауға болады. Қыркүйек айында жалпы сауданың 34 пайызын құраған еді. Яғни, 1,1 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылған.
«Қазан айының соңында теңге бағамы 1,1%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 469,64 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 162-ден 155 миллион АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауданың жалпы көлемі 3,2 млрд долларды құрады», – делінген хабарламада.
Ал қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордағы қаражаттан 1,3-1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр.
«Үкіметтің қолда бар болжамды өтінімдері негізінде Ұлттық Банк қарашада Ұлттық қордан 1,3-тен 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі сомаға валюта сатуды жоспарлап отыр. Қарашада БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін шетел валютасын сатып алу 150-ден 200 миллион АҚШ долларына дейін, Қор активтерінің валюталық үлесін ұлғайту үшін валюта сатып алу 50-ден 70 миллион АҚШ долларын құрайды деп күтілуде», – делінген хабарламада.
Қазақстан қор биржасындағы мәлімет бойынша, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры пен ҚҰБ. «Самұрық-Қазынаға» компанияның 87,41 акциясы тиесілі. Ал 9,58 пайыз акциясы – ҚР Ұлттық банк иелігінде. Компания бағалы қағазының 3 пайызы «Халықтық IPO» барысында жеке инесторларға сатылған. Компанияның 849 млн аса жария акциясының 610 миллионы қор нарығында орналастырылған.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» биыл тоғыз айда мұнай өндіруді 9%-ға арттырғанын хабарлады.