«Қазатомөнеркәсіп» жыл соңына дейін Транскаспий маршруты арқылы Еуропаға уран жеткізу көлемін 71%-ға арттырады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

2023 жылғы 30 қазанда Moody’s Investors Service рейтингтік агенттігі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК рейтингін «Baa2» деңгейіндегі «Тұрақты» болжамын «Позитивтіге» өзгертті. Бұл жайлы компания есебінде жарияланған.

Компания 2018 жылдан бері альтернативті бағыт ретінде сәтті пайдаланып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстаннан Батыс елдеріне уран жеткізілімінің 58%-ын жүзеге асырған. Ал 2023 жылдың соңына қарай Қазатомөнеркәсіптің Батыс елдеріне TХКМ арқылы уран жеткізу үлесі 71%-ға дейін жетеді деп күтілуде.

Көлемнің артуына әлемдегі уранға деген сұраныстың өсуі өз әсерін тигізеді. Компания есебінде шілде мен тамыз айының көп бөлігінде уранның спот нарығындағы белсенділігі аз болған. Алайда тамыздың соңғы аптасында транзакциялар көлемі айтарлықтай өсіп, қыркүйекте Нигерде болған жағдайлар уранның нарықтағы бағасының тұрақты өсуіне алып келді. Нәтижесінде баға белгілеулері 70 доллар шегінен асып, фунтына $73,50 жетті. Бұл 2008 жылдың наурызынан бергі ең жоғары көрсеткіш. болды.

Осылайша спот-бағалардың жаңаруына орай компания пайдалану және сату жоспарын қайта құрылымдамақ. Өйткені Компания тұтынушылардың қолданыстағы келісім-шарттар бойынша жылдық жеткізу көлемін ұлғайту туралы қосымша өтініштеріне байланысты, сондай-ақ 2023 жылы жеткізумен жаңа ұзақ мерзімді шарттарға байланысты сату көлемі ұлғаяды деп болжайды. Тиісінше, сату көлемі мен кіріс бойынша күтулер жоғары көрсеткіштерге негізделіп, қайта қаралмақ.

Еске сала кетсек, жақында Bloomberg уран бағасы қымбаттауы мүмкін екенін жазды. Басылымның хабарлауынша, Шерил Тиан Тонг Ли Terra Capital-дағы Мэтью Лэнгсфорд, Segra Capital-дағы Артур Хайд, Argonaut Capital Partners-тегі Бэрри Норрис пен Anaconda Invest өкілі Рено Салер сияқты бірқатар хедж қор менеджерлері уран акцияларындағы үлесін арттыруды қолға алған.

Уранға деген сұраныстың артуына бірнеше факторлар әсер етті. Бірінші себеп – мемлекеттер, отын бағасының тұрақсыздығына байланысты және декарбонизация жағдайында көбінде атом энергиясына инвестиция сала бастады.

Екіншіден, нарықта Канаданың Cameco компаниясының отынына қатысты алаңдаушылық бар. Cameco-ның Канададағы Сигар көлі кенішіндегі және Ки-Лейк диірменіндегі проблемаларға байланысты толық жылдық өндіріс болжамдары қысқартылды.

Үшіншіден, дүниежүзі бойынша уранның шамамен 4%-ы Нигерде өндіріледі. Сол себепті де бұл елдегі төңкеріс нарықтағы қысымды арттыра түсті. Осыған байланысты Францияның осы елдегі Орано компаниясының да жұмысы тұралап қалды.

Төртіншіден, Ресей уранына санкция салынбағанына қарамастан, жақында Санкт-Петербург порттарынан Америка Құрама Штаттарына ядролық отынға сақтандырудың жоқтығына байланысты және гесояси жағдайлар аясында экспорт тоқтап қалғаны туралы хабарланған болатын. Міне осы жағдайлардың барлығы бұл шикізатқа деген сұранысты арттырып, бағаның көтерілуіне әсер етті.

Бұл орайда «Қазатомөнеркәсіп» сұраныстың өсуі аясында уран өндірісін ұлғайтуды жоспарлап, Директорлар кеңесі Компанияның 2025 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде жоспарланған өндіріс көлемін 100%-ға дейін ұлғайту жөніндегі стратегиясын мақұлдады. Компания бұл шешімін:

«Біздің нарыққа бағытталған стратегиямызға сәйкес, 2025 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде өндірістің 100% деңгейіне оралу ниетіміз ең алдымен келісімшарттардың мықты портфеліне және 2023-2024 жылдарға арналған консервативті өндіру сценарийлері кезінде өндіріс көлемінен асып түсетін сату көлемінің өсуіне байланысты», деп түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз