Еліміздің біраз ауруханалары резервті генераторға қосылмаған, жарық сөнсе талай адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін – сенатор
Еліміздің біраз ауруханаларында резервті электр энергиясын беретін генератор жоқ. Яғни апатты жағдайда, ауруханада өмірі қыл үстінде жатқан емделушілер мен, әсіресе, инкубацияда жатқан нәрестелердің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Бұл жайлы Палата отырысында депутат Жанна Асанова айтты.
Депутат осы мәселемен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызына сауал жолдады.
«Астанада 29 қазанда жарық пен су өшіп қалды. Трансформаторлық подстанцияда аврария болғаны себепті қала жарық пен судан ажырап қалды. Мұндай техногендік апаттар медициналық мекемелердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені қазіргі уақытта Қазақстанның біраз ауруханаларында резервті генераторлар жоқ», деді Асанова.
Ол қазіргі замануи ауруханалар халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін озық үлгідегі құрылғылармен жабдықталып жатқанын, олардың электр энергиясымен жұмыс істейтінін айтты.
«Күнделікті озық технологиялық жабдықтардың көмегімен дәрігерлеріміз операциялық үстел үстінде мыңдаған адамның өмірін құтқарып жүр. Жүздеген ем алушылар жан сақтау бөлімінде жатса, енді біреулер өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл медициналық жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеп тұруы ол адамдарға ауадай қажет. Ал электр энергиясы кенет үзіліп қалатын болса ауруханаларда жатқан талай адамның өмірін құтқару мүмкін болмайды. Сол себепті де ауруханалардың резервті жарық көзіне қосылуын міндеттеу керек», дейді депутат.
Өйткені мұндай апаттардың енді қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
«Елдегі ЖЭО-ларды модернизациялау жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі де жөндеу жұмыстары толық аяқталып болған жоқ. Демек Астанада 29 қазанда болған жағдай қайталанбайды деп айта алмаймыз. Ал резервті генераторлар апатты жағдайда, табиғи келеңсіздіктер туындағанда ауруханаларды электр жүйесімен үздіксіз қамтамасыз ете алады. Бірақ өкінішке қарай бүгінгі күні еліміздегі медициналық мекемелердің барлығы мұндай генераторларға қосылмаған», деді ол.
Осыған орай депутат министрліктің қызметкерлеріне елдегі барлық ауруханаларға ревизия жүргізіп, олардың заманауи автоматты генераторға қосылған, қосылмағанын анықтауды сұрады және ауылдық ауруханалардың назардан тыс қалмауын талап етті. Сонымен бірге резервті электр энергиясымен қамтитын генераторы бар ауруханалардың генераторы ескірген болса жаңарту үшін, жоқ болса ауруханаларды тиісті жабдықпен қамту үшін министрліктен қаржы бөлуді сұрады.
Осыған дейін әлеуметтік желіде Астанада аяқ-асты жарық сөнген кезде кейбір ауруханалардың дәрігерлері инкубацияда жатқан шала туған нәрестелердің өмірі үшін күресіп, өкпесін қолдан желдендіргені туралы айтылған болатын. Депутаттың орынды сауалына Денсаулық министрлігі жазбаша жауап қайтарады.