"АрселорМиттал Теміртау" шахтасындағы ірі апаттан кейін сенаторлар тау-кен құтқару қызметін мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады

Жарияланды
Фото: ТЖМ

Сенаторлар бүгінгі Палата отырысында тау-кен құтқару қызметін мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті.

Сенат депутаты Сергей Ершов Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін мемлекет меншігіне қайтаруды сұрап жүгінді. Елімізде шахталардағы апаттармен кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы күреседі.

«Құтқару қызметінің жекенің қолында болу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Олардың негізгі міндеті – аса қауіпті өндірістік объектілердегі төтенше жағдайлардың алдын алу және профилактика жүргізу. Өкінішке қарай, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіру біз күткен нәтиже бермеді», – деді Ершов.

Депутат жеке меншіктің қолында болғандықтан, мамандар жағдайды «объективті бағалаудан қорқатынын» айтты. Сонымен бірге Ершов кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жарақтандыру, лайықты еңбекақы мәселесі шешілмегенін айтты.

«Тапсырыс берушіге тікелей тәуелді бола отырып, олар толық объективті тексеру жүргізіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтарды анықтай алмайды, себебі бұл келісім-шарттың бұзылуына және жұмыс орындарынан айырылуына әкелуі мүмкін», деді ол.

Сол үшін де сенатор бұл кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынды.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын боп 2015 жылы құрылған. Ол кезде кәсіпорын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне тиесілі болған. Ал 2018 жылы «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» ЖШС болып, сатылып кетті.

Еске сала кетсек, күні кеше Костенко шахтасында құтқару жұмыстарымен айналысқан «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің» мамандары өз басшыларының алдын-алу шараларына салғырт қарайтынын айтты. Вадим есімді тау-кен құтқарушысы әріптестерімен бірге апаттан кейінгі жағдайды тексергенін, әдеттегідей шахтадағы жауапсыздық пен орашолақтыққа куә болғанын баяндады.

Сонымен бірге олар құтқарушылардың жалақысы аз екенін, қауіпті аймақта жұмыс істеген тау-кен құтқарушылары үстемақы, сыйақы алып көрмегенін айтты. Сонымен бірге тау-кен құтқарушылары киімдерінің тозығы жеткенін, ал 2008 жылы сатып алынған респираторлардың қолдану мерзімі 2018 жылы өткенін де жасырмады. Құтқарушы басшылық оларға адам ретінде қарамайтынын, қит етсе орындарына басқа адам табатындарын айтатынын жеткізді. Олар мұндай кемшіліктерді айтқан қызметкерлер жұмыстан қуылғанын айтып, сондай себептермен жұмыссыз қалған әріптестерін қайта жұмысқа алуды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз