Конституциялық сот: мас күйде көлік айдағандарға жаза күшейеді

Жарияланды
суд
Фото: kursiv.media

Астана қаласында мас күйінде көлік айдап, жүргізуші куәлігінен айырылған азамат Конституциялық сотқа шағым түсірген. Ол ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігін алтернативсіз деп бағалаған.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен өтініш беруші ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Жазасын өтеп шыққан соң, С. есімді азамат ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігінің: «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе)
уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру он бес тәулікке әкімшілік
қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға
алып келеді» деген санкциясымен келіспейтінін айтып шағым түсірген. Ол кодекстің бұл тармағын альтернативсіз деп бағалаған.

Ол осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін көлік құралын басқару құқығы жоқ азамат көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған жағдайда жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазаға тартылып кейіннен оның жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі болатынын айтады. Өтініш авторы мұны заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген түсініктің бұзылуы деп санап, бірдей әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған азаматтар әртүрлі әкімшілік жазаларға тартылатынын орынсыз деп тапқан.

Десе де, Сот Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің
608-бабының бірінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес
келеді деп танып, жеке тұлғалардың жауаптылығын құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізді.

«Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін жеке тұлғалардың жауаптылығын құқықтық реттеуді жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылсын»-делінген құжатта.

Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және шағым жасалуға жатпайды.

Сондай-ақ оқыңыз