Әлем елдері алтын қорын арттырып, Қазақстан бағалы металдан арыла бастады
Орталық банктердің алтынға сұранысы рекордтық деңгейге жетті, бірақ бұл Қазақстанға қатысты емес. Дүниежүзілік алтын кеңесі өзінің кезекті тоқсандық есебін жариялады.
Оның қорытындысына сүйенсек, биыл жаһан елдерінің орталық банктері 800 тонна алтын сатып алған. Бұл соңғы тоғыз айдағы рекордтық көрсеткіш.
Мәселен, үшінші тоқсанда Қытайдың Орталық банкі алтын қорын 78 тоннаға арттырып, әлемдегі ең ірі сатып алушы атағын қайтарып алды. Жыл басынан бері Қытай Халық банкі алтын қорын 181 тоннаға ұлғайтып, 2 192 тоннаға жеткізді. Бұл аталған елдің халықаралық қорының 4 пайызына үлесін алады.
Сонымен қатар, алтын қорын кеңейткен елдердің қатарында Түркия бар. Үшінші тоқсанда Анадолы елі 39 тонна бағалы метал сатып алып, жалпы қорын 668 тоннаға жеткізді. Бұған дейін екінші тоқсанда орталық банкі алтын саудасын арттырып, бар болғаны 440 тоннамен қалған, алайда үшінші тоқсанда Түркия бас банкінің басшылығы райынан қайтып, тұрақты инвестициялық құралдың үлесін арттыра бастады.
Қытай бастаған державалар алтын сатып алуға көшкенде бағалы металын сатқан тек Қазақстан болды
Үшінші тоқсанда еліміз 4 тонна бағалы метал сатты. Бұл ретте орталық банктер бағалы металды ішкі көздерден сатып алып, нарық жағдайына байланысты саудалайды. Қазақстан да барлық алтынды отандық кәсіпорындардан алады.
Айта кететіні, Ұлттық Банк халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқарту саясатын жалғастыратынын былтырдан бері хабарлап келеді.
«Алтын-валюта активтерін аллокирлеуді әртараптандыру мен теңестіруді арттыру мақсатында Ұлттық Банк жыл басынан бастап резервтердегі алтын үлесін 68%-дан 63%-ға дейін төмендетті. Алтын нарық талаптарына сәйкес толық сатылады. Бұл ретте, бағаның өзгеру тәуекелін хеджирлеу мақсатында алтынның бір бөлігі опциондық стратегияларды қолдана отырып сатылады», – деген еді ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Бас банк биыл да бұл бағытынан таймады. 2023 жылдың басынан бері Қазақстандағы бағалы метал қоры 67 тоннаға азайды.
Өткен жылы халықаралық резервтегі алтынның үлесін азайтуды мақсат еткен Ұлттық банк өз қорындағы үлесін 63 пайызға дейін қысқартып, 120 тонна алтын сатты. Ал биылғы бірінші тоқсанның өзінде реттеуші тағы 20 тонна алтыннан арылды.
2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Ұлттық банктің жалпы алтын қоры 313,5 тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 16-шы орында, Сауд Арабиясы мен Ұлыбритания арасында тұр. Ең көп алтын қоры бар елдердің үштігіне АҚШ (8133 тонна), Германия (3354 тонна) және Италия (2451 тонна) кіреді.
Алтын бағасына Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс ықпал етті
Қазан айының соңында құнды металдың бір унциясы 2 мың доллардан асты. DAMU Capital Management компаниясының бас директоры, экономист Мұрат Қастаев бұған Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс ықпал етті деп есептейді.
«Қазір әлемдегі геосаяси жағдай күрт шиеленісіп кетті, Украинадағы соғысқа енді Израильдегі соғыс қосылды. Израиль мен Палестинаның жағдайына Таяу Шығыстың бірқатар елдерінің мүдделері араласып кеткендіктен, бұл Израиль шекараларының ішіндегі соғыс кез келген уақытта ірі мемлекетаралық соғысқа айналып кетуі мүмкін. Яғни Израильдегі шиеленіске Иран, Ливан, Сирия, Египет араласып кетсе, онда бүгіл аймақта шағдай ушығады. Әрине, АҚШ-тың әскери күшіне сүйеніп, өзінің де әскери әлеуеті зор Израиль кез келген басқа елдер жабылып жатса да, оларға қарсы тұруға күші жетеді. Шынымен де, Израиль барлау қызметтері үлкен қате жіберіп, ХАМАС шабуылына дайын болмаса да, Израиль технологиялық өте дамыған, жақсы дайындалған және қаруланған армиясы бар ел және қазіргі оқиғаларға басқа елдер араласпаса, бірнеше апта аралығында ішкі жағдайды қалпына келтіре алады», – дейді Мұрат Қастаев.
Алтын – дағдарыс кезіндегі ең тұрақты инвестициялық құрал
Экономист алтын соңғы 5 мың жылда құнын жоғалтпай, сақтап, қымбаттап келе жатқан жалғыз актив екенін айтады.
«Қандай әлемдік дағдарыстар, дүниежүзілік соғыстар болса да алтын қымбаттап жатады. Әсіресе, әлемдік валюталар алтын стандартынан бас тартып, қағаз ақшаны көп басып шығара бастағаннан кейін олар құнын жоғалтып, керісінше алтын қымбаттай бастады. Алтынның тағы бір ұтымды тұсы – әлемнің кез келген бұрышында, тіпті банк, интернет жоқ жерде оны қолма-қол ақшаға ауыстырып алуға болады», – деген сарапшы егер Таяу Шығыста жағдай реттелсе, шиеленіс бәсеңдеп, қаржылық нарықтарда тұрақтылық орнайды.
«Әлем елдері осындай дүрбелеңнің куәсі болып тұрғанда, инвесторларда қайда инвестиция салуға болады деген сұрақ туындамайды, тек бар ақшаны қалай сақтап қалуға болатынын ойлайды. Ал дағдарыс кезінде ең тұрақты инвестициялық құрал – ол алтын мен АҚШ доллары. Сондықтан дағдарыс кезінде алтынның өсуі – оның қорғаныс активі екенін дәлелдейді. Ал дағдарыс болмаса да, әлемде инфляция қарқын алса – алтын бағасы тағы да өседі», – деп түсіндірді экономист.
Оның пайымынша, алтынның құны инфляциямен қоса өседі, яғни құнды метал жиған қорды инфляциядан қорғайтын құрал.
«Әлемде қандай жағдай болса да көп алтынның құны тұрақты болып қала береді. Бірақ оның өте ұзақ мерзімді инвестиция құрал екенін ескерген жөн. Одан пайда табу үшін кем дегенде 10-20 жылға жоспар құрып, сатып алу керек, себебі қысқа мерзімде оның бағасы құбылып тұруы мүмкін», – деп қорытындылады сарапшы.