9 қараша күні Ресей президенті Қазақстанға келеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға келеді. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қараша күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысатындығы айтылған.

Путиннің Қазақстанға келетіні туралы ерте көктемде айтылған. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мәскеуге ресми сапары барысында:

«Өзара іс-қимылдың қарқынды сипаты мен екі елдің мемлекет басшылары арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында қарқынды, сенімді және сындарлы екіжақты саяси диалог жолға қойылды. Екіжақты сауда – экономикалық байланыс орнатылып, берік шарттық-құқықтық база құрылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, биыл күзде Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға дайындығын растау бағытына алғыс білдіреміз. Ол сапар аясында жемісті келіссөздер өтіп, өңіраралық форум ұйымдастыра аламыз деп ойлаймын. Аталған маңызды іс-шараны ұйымдастыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деген министр.

Еске сала кетсек, Гаагада орналасқан Халықаралық қылмыстық сот 2022 жылғы 24 ақпаннан бері Украинада жасаған әскери қылмыстары үшін Ресей Президенті Владимир Путинді тұтқынға алу туралы ордер шығарды. Сот Путинді Украинаның оккупацияланған аймақтарынан балаларды Ресейге заңсыз көшіргені үшін айыптады.

«Бұл қылмыс шамамен 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап, Украинаның оккупацияланған аймақтарында жасалып келді. Осы аталған қылмысқа Путин мырзаны жеке қылмыстық жауапты деп пайымдауға жеткілікті негіз бар», делінген хабарламада.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев ХҚС Рим статутының өкімі Қазақстанға жүрмейтінін мәлімдеді.

«Рим статуты бізге қолданылмайды, сондықтан мұндай әрекеттерге ешкім үгіттеп жатқан жоқ. Қазақстан Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚК) Рим статутына қол қойған жоқ, сол себепті бұл құжаттың елімізге қатысы жоқ. «Астана осы соттың соңғы шешімдеріне қарамастан, Ресей басшылығының сапарын ұйымдастырудан ешқандай кедергі көріп отырған жоқ»,– деді ол.

ХҚС юрисдикциясын Қазақстаннан өзге Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Египет, Үндістан, Индонезия, Иран, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия сынды елдер де қабылдамаған. 

Сондай-ақ оқыңыз