Қазақстан Палестина халқына бөлген 1 млн доллар БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне аударылды – СІМ
Қазақстан үкіметі Палестина халқына бөлген 1 млн АҚШ доллары БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Биыл 7 қазанда басталған палестиналық ХАМАС қозғалысы мен Изариль арасындағы қарулы қақтығыс Таяу Шығыстағы онсызда күрделі жағдайға әкеліп, Газа секторында апатты гуманитарлық дағдарыс тудырды. Соңғы мәліметтер бойынша қақтығыс салдарынан Газа секторында 10 мыңға жуық адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алған. Сонымен қатар құрбандардың үштен екісі – әйелдер мен балалар. Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің ақпаратына сәйкес, Газа секторындағы халықтың жағдайы өте күрделі және екі миллионан астам адам азық түлік көмегіне мұқтаж», – деді Айбек Смадияров.
Айтуынша, Батыс, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдері, атап айтқанда Парсы шығанағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық одақ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай, Түркия және басқалары Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында зардап шеккен Палестина халқына қаржылық және материалдық гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
«Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайды ескере отырып, Қазақстан да шет қалмауға және Палестина халқына 1 млн АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылдады. Бұл шешімді Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті барысында Қазақстан президенті жариялады. Қазақстан үкіметі бөлген қаражат БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Гуманитарлық қызмет – еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағытының бірі. Бейбіт саясат пен әділдік қағидаттарын ұстанатын Қазақстан әрдайым қиын гуманитарлық жағдайға тап болған мемлекеттерге қолдау көрсетуге ұмтылады», – деді СІМ ресми өкілі.
Айта кетейік, 3 қарашада Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдады.
«Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатыр. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған байланысты Қазақстаннан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінде.