БҰҰ: Газа аймағы «балалар мазарына» айналып барады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
БҰҰ Газа секторындағы жағдайға алаңдаулы / shutterstock

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Газа аймағының «балалар мазарына айналып бара жатқанын айтты. Израиль басшысы «гуманитарлық жағдайды реттеу үшін «соғысты уақытша тоқтату» туралы ұсыныстарды қабылдауға даяр» екенін айтса, Хамас өкілі «Израиль қарулы қақтығысты тоқтатса, тұтқындарды босататынын» айтты.

Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалап, қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтты. БҰҰ хабарлауынша Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

«Біздегі ақпаратқа сәйкес, жүздеген бала күнделікті өмірмен қош айтысып немесе жарақат алып жатыр», – деді бас хатшы.

Ол 7 қазан күні болған Хамас шабуылын айыптап, «адам азаптау, өлтіру және бейбіт тұрғындарды тұтқынға алу қылмыс» екенін ескертті.

BBC-ге сұқбат берген Хамастың жоғары лауазымды шенеунігі Мусса Абу Марзук ұйымның 7 қазан күнгі шабуылында «бейбіт тұрғындарға: әйелдер мен балаларға, қарт адамдарға тиіспегенін» айтқан. Оның сөзінше, Хамас тек әскери адамдар мен әскерге шақырылған азаматтарды тұтқынға алған. 

BBC көрсеткен Хамастың бейбіт адамдарды азаптау бейнелеріне қатысты (бұл бейне жазбалар мен суреттерді қақтығыс басында Хамастың өзі таратқан) пікір білдіруден бас тартып, «Қарулы қақтығысты толықта» тоқтаған жағдайда тұтқындарды босатып, Қызыл Айға табыстауға даяр» екенін айтқан.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш қару қақтығысты толықтай тоқтату туралы тағы да сөз қозғап, «бәрінен де бейбіт адамдардың өмірі маңызды» екенін айтты.

ABC News арнасына сұқбат берген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Газа аймағындағы бейбіт тұрғындар қауіпсіз жерге көшуі немесе оларға гуманитарлық жеткізу үшін қарулы қақтығысты уақытша тоқтату туралы ұсыныстарды қарауға дайын» екенін айтқан. Алайда БҰҰ талабындағы қақтығысты толықтай тоқтату туралы ұсыныс Израиль әскерінің осы кезге дейінгі Хамас басшыларын жоюға бағытталған жұмысын жоққа шығарып, шиеленіс тудыратынын ескертті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Таяу шығыс елдеріне жасаған сапары да аяқталды. Ол төрт күндік сапарының аясында Палестина, Ирак, Араб елдері басшыларымен және Түркия Сыртқы істер министрімен келіссөздер жүргізген. Блинкеннің Иракта, Омман мен Стамбулда қандай келісімге келгені туралы ақпарат таралмады. Bloomberg-тің сапар туралы сауалына Блинкен «бұл келіссөздердің басы ғана, жұмыс әлі аяқталмады» деп жауап берген.

7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан 1 400 адам қайтыс болған. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Израиль әуе күштері Газа секторының солтүстігінде орналасқан Джабалия босқындар лагеріне бомба тастап, салдарынан 50 шақты бейбіт тұрғын қаза тапты. Израиль армиясы бұл соққыдан 50 бейбіт тұрғынмен қоса, ХАМАС-тың жоғары шенді қолбасшысы қаза тапқанын, сонымен бірге «терроризмнің жерасты инфрақұрылымы» жойылғанын мәлімдеді.

Израиль Газа қаласын толықтай қоршап алды. АҚШ Израильді қолдау үшін қарулы көмек беруге қатысты заң жобасын талқылап жатыр.

Түркия Израиль жүргізіп жатқан соғыспен келіспейтінін білдірді. Ердоған Израильді бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатыр деп айыптады. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесінен кейін Израиль дипломаттары Түркиядан кетті.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 7 қазан күні Хамастың Израиль бейбіт азаматтарына шабуылын айыптады. БҰҰ Газа аймағындағы қарулы қақтығысты дереу тоқтату туралы талабына келісіп, ол үшін дауыс берді.

Газа секторындағы бейбіт Палестина халқына көмектесу үшін 1 000 000 АҚШ долларын БҰҰ Таяу шығыс агенттігіне жіберді. Газа аймағында 76 қазақстандық қалып қойғаны белгілі. Сыртқы істер министрлігі оларды елге қайтару үшін келіссөз жүріп жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз