Arcada Industry жарғылық капиталының 345,8 есе өсуі себебін түсіндірді
Ақмола облысында қиыршық тас пен құм өндіретін Arcada Industry компаниясы жарғылық капиталын 345,8 есе, яғни 725 мың теңгеден 250,7 миллион теңгеге дейін қалай өсіргенін айтып берді.
Курсив сауалына берген жауабында компания директоры Аманбай Бейсембаев Arcada Industry компаниясы жаңа зауыт салу үшін құрылыс жұмыстары мен жабдықтар алуға 2,9 миллиард теңге қажет болғанын айтқан. Бұл қаржыны табу үшін компания облигациялары KASE биржасына шығып, 2022-2023 жылдары 1,8 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік алған. Ал 2023 жылы жарғылық капиталы 250 млн теңгеге өскен
«Компания жұмысында ешқандай өзгеріс жоқ, тек қиыршық тас өндіру және жеткізу нарығындағы жұмысты күшейтіп жатырмыз», – делінген компания жауабында.
Бейсембаев өз жауабында 2023 жылы компания қиыршық тастарды бөлу және сорттаумен айналысатын жаңа зауытты ашқанын айта кетті. Бұл нарыққа жылына 3 млн тонна дайын тауар шығаруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін қиыршық тас пен құм өндіретін Arcada Industry компаниясы жарғылық капиталын 345,8 есе өсіріп, 725 мың теңгеден 250,7 миллион теңгеге жеткізгенін жазғанбыз.
Arcada Industry 2000 жылы құрылған. Кәсіпорын қиыршық тас пен құм өндіру, сатумен айналысады. Оның негізгі активтерінде Ақмола облысындағы Вишневское гранит кен орны мен қиыршық тас зауыты бар. Ол Қазақстанның екі ірі қаласында сауда орталықтарын салған кәсіпкер Александр Игнатущенко мен Алексей Нефедовқа тиесілі.