Назарбаевқа берілген кепілдіктердің отбасына қатысы жоқ – Әділет министрі
Сейсенбі Үкімет отырысынан кейін Әділет министрі Азамат Есқараев журналистердің Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының артықшылықтарына қатысты сұрағына жауап берді.
«Қазақстан заңнамасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына белгілі бір артықшылық беретін нормалардан толығымен тазартылды деп айта аламыз ба? – деп сұрады тілшілер Әділет министрінен.
«Бұл жұмыс жалғасын тауып, заңнамаға тиісті түзету енгізілді. Мұның барлығы қаңтар айында қабылданған заңды жүзеге асырудың қисынды жалғасы болды», – деп жауап берді Азамат Есқараев.
БАҚ өкілдері бұрынғы президентте қандай кепілдіктер сақталып қалғанын нақтылады.
«Оның қол сұғылмаушылық кепілдігі бар. Көлік қызметін пайдалану құқығы бар. Баспанасы бар. Бұлардың отбасына қатысы жоқ», – деді А. Есқараев.
29 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тілшілер «Н.Назарбаевты барлық заңдардан «сызып тастау» үдерісі аяқталды ма, экс-президенттің қандай артықшылығы бар?» деп сұрағанда Әділет министрі жоғарыдағыдай мазмұнда жауап берген.
«Бұл үрдістер қаңтарда қабылданған заң негізінде жүзеге асып жатыр. Ал экс-президенттің мәртебесіне келер болсақ,«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңымызда экс-президентке тиісті кепілдіктер қарастырылған. Оған сәйкес, экс-президент тұрғын үй және көлікпен қамтамасыз етілуі керек. Президент туралы Конституциялық заңда бұл нақты көрсетілген», – деген еді А.Есқараев.
Қаңтар айында парламент «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
Кейін ол Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері және Назарбаев қоры сияқты білім беру ұйымдарының жоғары қамқоршылық кеңесінің басшысы мәртебесін жоғалтты.
ҚР Конституциясы экс-президенттерге зейнетақы, пәтер, мемлекет меншігіндегі саяжай, жеке автокөлік, ел аумағында тегін жүру, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуге кепілдік береді. Негізгі заңда «экс-президент мемлекетке опасыздық жасау жағдайын қоспағанда, президент ретіндегі өкілеттігін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапты болмайды» делінген. Осыған қатысты құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Бұрын 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетін және Қазақстан халқына демалыс берілетін. 1991 жылғы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде қазақ елінің тұңғыш президенті сайланған. Осыған байланысты 1 желтоқсан мемлекеттік мерекега айналған. Кейін бұл күн ерекше мәртебесінен айырылды. Дегенмен Тұңғыш Президент күні қазақстандықтарға мұра болып қалды. Қазір 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні ретінде мерекелік күндер тізімінде тұр.
Н.Назарбаевтың басынан құс ұшырмайтын Мемлекеттік күзет қызметінің жұмыс тәртібіне өзгеріс енді. «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған мекеме Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.
Қазақстанның Тұңғыш президенті билікте болғанда дәурені жүріп тұрған Елбасы Аппараты қызметшiлерi де өзгерісті бастан кешірді. Олар саяси қызметшілер тізімінен алынып тасталды.
12 қазанда сенатор Бекбол Орынбасаров «Тұңғыш президент және Елбасы туралы» заңның өзгеруіне байланысты Астанадағы әскери ЖОО-ның атауы өзгеретінін мәлімдеді.