Қытай экономикасы: экспорт төмендеп, елден инвесторлар кетіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қытайда экспорт төмендеп, инвесторлар кетіп жатыр / коллаж: kursiv.media

Әлемдегі саяси жағдайдың ушығуынан Қытай экспорты төмендеп қана қоймай, елден шетелдік инвесторлар кетіп жатыр. 

Bloomberg жазуынша, Қытай нарығындағы тікелей шетелдік инвестициялар деңгейі 1998 жылдан бері алғаш рет төмен көрсеткішке кетіп жатыр. Сарапшылар мұның бірінші себебі әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы деп бағалады. Екінші жағынан дамыған елдерде пайыздық мөлшерлеме жыл сайын өсіп отырса, Қытай өз экономикасын бақылауда ұстау үшін мөлшерлемені кеміте береді. Сондықтан шетелдік компаниялар Қытайда тапқан табысын осы елге қайта инвестициялаудың орнына басқа елдерге бет бұрып отыр.

Қытайдың валюта басқармасының ақпаратына сәйкес, төлем балансындағы тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелер 2023 жылдың 3 тоқсанда 11,8 млрд долларға қысқарған. 

Investing Қытайдың тек қаржы нарығында емес, экспорт нарығында да әлсіреп жатқанын жазады. Қазан айында Қытай тауарларына шетелдік сұраныстың кемуі экспортты азайтып, бірақ импорт өсімі сақталғандықтан елдің сауда балансы соңғы екі жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен. Болжам бойынша 77,71 млрд долларға жетеді деген сауда балансы, одан да төмен 56,53 млрд долларға түсіп кеткен. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 2022 жылы COVID-19 әсері сақталып тұрған кезде болған.

Қытайдың сауда нарығындағы негізгі серіктестері АҚШ пен Еуропа елдерімен экономикалық және саяси келісімдерге келе алмауы қазан айында ел экспортын 6,4% төмендеткен.Бұл жағдайдан шығу үшін ресми Бейжің алдағы бір-екі айда 1 трлн юань (136 млрд доллар) соммасына жаппай облигациялар шығаруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін, ҚШ пен Қытай Қаржы министрліктері елдер арасындағы қатынастарды нығайту мақсатында экономикалық және қаржылық жұмыс топтарын құруға келіскенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз