Елімізде 5G желісін енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады
Елімізде 5G желісін енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл жайлы үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.
Үкімет басшысы президенттің тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Осыған байланысты артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл жұмыстың жүргізіліп жатқанын, бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылғанын баяндады.
«Бұл ретте технологияны енгізуді жеделдету үшін байланыс стансаларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін реттеуші бірқатар кедергілерді жою қажет. Бұл жабдықты монтаждау рәсімдерін жеңілдетуге, санитариялық ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, жер телімдерін уақтылы беруге және т.б. қатысты», деді министр.
Ол сондай-ақ жиында биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылғанын, пилоттық режимде қосылған бұл ауыл мектептері желі деректерін секундына 200 Мбит жылдамдықпен алып жатқанын айтты.
«Жалпы, осылайша, республиканың шалғай елді мекендеріндегі 2000 білім беру нысанын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Аталған жұмыс шеңберінде тиісті жабдықтарды жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету жүзеге асырылады»,- деді Мусин.
Премьер-Министр заманауи байланыс желілерін енгізумен қатар ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламаларын дамытуға да назар аудару қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, жаңа цифрлық форматтар мен тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігін және жалпы білім беру үдерісінің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Осыған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін хабарлаған болатын. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеді.
Министр сонымен бірге мұндай интернет түріне қанша қаражат жұмсалатынын да тілге тиек еткен.
«Сіз интернет байланысының құны туралы айтқанда, бірінші кезекте мектептердің қазіргі уақытта секундына 4 МБ интернетке қанша қаражат жұмсайтынын сұрағаныңыз жөн. Қазіргі мектептер жұмсап жүрген қаражат шығындары Starlink-тің техникалық қызметіне және осы қызметті мектеп оқушыларына жеткізуге жұмсайтын сомаға тең. Біз мұнда 100-ден аспайтын оқушысы бар шағын мектептер туралы айтып отырмыз», деді ол.
Жалпы Қазақстанды 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде сапалы интернетпен қамтуға үкімет 1,5 трлн теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр.