30 жылда жол апатынан 83 мың адам қаза тапқан: апаттың алдын алу үшін депутат жүргізуші куәлігін беру тәртібін реттеуді ұсынды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Соңғы 30 жыл ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай өзінің үкіметке сауалында айтты.

«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 30 жыл ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан. Ал соңғы үш жылда Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының жыл сайын 6 пайызға өсіп отырғанына көз жеткіздік. Ал мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады. Оған жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендігі, қарапайым жол қозғалысы ережелерін білмеу және жүргізуші куәлігін алу орындарындағы сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр», дейді депутат.

Наурыз Сайлаубай көлік жүргізушілеріне арналған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлыққа көп жол берілетінін айтады.

«Бірнеше рет емтихан тапсыра алмаған азаматтар амал жоқтан мәселені жеңіл шешудің жолдарын іздейді. Заңды айналып өтуге тырысады. Әлбетте мұның салдары сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кеткені де халық арасында наразылық туғызып отыр», дейді ол.

Биыл Ішкі істер министрінің 20 шілдедегі бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру қағидалары өзгерген, бірақ бұл сыбайлас жемқорлық дерегін азайту мәселесінің шешілуіне еш әсер етпеген. Осы орайда депутат бұл ереженің керісінше, жүргізуші куәлігін заңсыз сатып алуға итермелеу мүмкін деп санайды.

«Мысалы, қазан айында ғана Көкшетауда Мамандандырылған орталық қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз бергені туралы дерек анықталды. Клиент емтиханды нақты тапсырмай-ақ лицензиясы үшін 100 мың теңге төлеген. Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында денсаулығына байланысты көлік құралдарын жүргізуге тыйым салынған 6 адамның жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны анықталды. Талапты күшейтіп, емтихан тапсыруды қиындата түскенмен, бұл жүргізуші куәлігінің сатылуына тоқтам бола алмады», дейді депутат.

Ол мәселені шешу үшін өзге компанияларды жұмылдыруды ұсынды және теориялық емтиханды, яғни тест сұрақтары мен жауаптарының сәйкестігін тексеріп, практикалық емтиханның әділ жүргізілуін қадағалау қажет деп санайды. Сонымен қатар жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін үміткерге емтиханның шешімімен келіспеген жағдайда, аппеляциялық шағым беру немесе өз нұсқасын дәлелдеуге мүмкіндік беру жолдары қарастырылуы керектігін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз