Жамбыл облысында жаппай улану: асхана иесі 13 мектеп бойынша 230 млн теңгенің тендерін ұтып алған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Жамбыл облысы Байзақ ауданында Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары жаппай уланып, салдарынан 2 мұғалім, 44 бала ауруханаға медициналық көмекке жүгінген.

Асынан балалар жаппай уланған асхананың иесі 13 мектептен 230 млн теңгеге жуық қаражатқа тендер ұтып алған. Байзақ аудандық білім бөлімінің хабарлауы бойынша кәсіпкер аудандағы 13 мектепті тамақпен қамту үшін жалпы сомасы 229 миллион 410 мың 817 теңге тендер ұтып алған.

Қазіргі таңда Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясын тамақпен қамтуға жауапты ЖК «Тоқсейітов» жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылған.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Байзақ ауданының орталық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа, тұрақты. Ауруханаға жатқызылғандарға детоксикация терапиясы жүргізілген. Антибиотикалық емдеуді қажет етпейтін 11 адам медициналық кеңес алғаннан кейін амбулаториялық емдеу және үйден бақылау үшін қайтарылған.

«Науқастарға барлық қажетті медициналық көмектер көрсетілуде. Бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, республикалық мамандардан, анестезиологтардан, педиатрлардан, токсикологтардан және инфекционистерден тұратын арнайы комиссия құрылды», делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрдан, учаскелік медбикеден тұратын 16 мобильді топ құрылып, 205 ауланы аралап, осы күні оқу орнының асханасынан тамақтанған қалған оқушыларға тексеру жүргізген. Ал мектеп оқшауланып, бактериологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, депутат Асхат Аймағамбетов бүгін 8 қарашада өткен мәжіліс отырысында бұл улануға мемлекеттің кәсіпкерлердің жұмысын тексеру құзыреттілігінің болмауы себепті жол берілгенін айтты.

«Қазіргі уақытта мектептердегі, балабақшалардағы тамақтандырудың сапасын тексеру мүмкін емес. Кешегі Жамбыл облысында болған улануды соның нәтижесі деп білемін»,- деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз