Қазақстан палестиналықтардың өз мемлекетін құру құқығын қолдайды-ҚР СІМ басшысы

Жарияланды
Фото:ҚР СІМ

Сыртқы істер вице-премьер – министрі Мұрат Нұртілеу сенбі күні Сауд Арабиясының астанасында өткен Араб Мемлекеттері Лигасының (ЛАГ) және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ хабарлайды. 

Саммитте сөйлеген сөзінде Сыртқы істер вице-премьер – министрі Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 27 қазандағы төтенше арнайы сессиясында Иордания Хашимит Корольдігі ұсынған атысты тоқтатуға шақыратын қарарға дауыс бергені туралы айтты. 

Ол өз кезегінде бейбіт тұрғындар, оның ішінде көп балалар, әйелдер мен қарт адамдар соғыстың жазықсыз құрбаны болғанын атап өтті. Сыртқы істер вице-премьер – министрі Газа секторындағы әйелдердің, балалардың және қарттардың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала беретінін жеткізді. Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу израильдік әріптесі, Израильдің Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен жақында телефон арқылы сөйлескенін тілге тиек етіп, келіссөздер барысында атысты дереу тоқтатуға шақырғанын және бейбіт шешім іздеу қажеттігін сөз етті. 

Оның айтуынша, Қазақстан Египеттің азаматтық халыққа медициналық және гуманитарлық көмек көрсету үшін дәліздер беру туралы шешімін мақұлдайды. Қазақстан Палестинаның бауырлас халқы үшін бір миллион доллар сыйға тартты және қосымша гуманитарлық көмек жеткізуді жоспарлап отыр. ҚР СІМ басшысы Қазақстанның 150-ден астам азаматы, оның ішінде қазіргі уақытта Газа секторында жүрген әйелдер мен балалар Рафак бақылау-өткізу пункті арқылы шыға алмайтынына алаңдаушылық білдірді. 

«Мен бұл мүмкіндікті пайдалана отырып Египетті және барлық қатысушы тарапты, Қазақстан азаматтарын, олардың отбасы мүшелерін және басқа да шетелдіктерді Газа секторынан сөзсіз эвакуациялауға шақырамын. Біз бұл азаматтарға Рафакты кесіп өтуге рұқсат етілгеннен кейін бірден Қазақстанға эвакуациялануы үшін шаралар қабылдадық», — деп атап өтті М.Нұртілеу. 

«Қазақстан барлық халықаралық және гуманитарлық ұйымға Газа секторындағы қазіргі аса күрделі жағдайға араласуға шақырады. Осы мақсатта біз Газа секторының тұрғындары үшін Төтенше гуманитарлық азық-түлік бағдарламасын іске асыру үшін азық-түлік қауіпсіздігі Ислам Ұйымының қолданыстағы тетігін пайдалануды ұсынамыз», — деді саммитте сөйлеген сөзінде Сыртқы істер вице-премьер – министрі. 

Фото: ҚР СІМ

Ол сонымен қатар ИЫҰ-ға қатысушы елдер бұл институтты дамып келе жатқан гуманитарлық апатты жеңілдету және зардап шеккен аудандардағы жағдайды жеңілдету үшін пайдалана алатынын айтты. 

Қазақстанның Сыртқы істер вице-премьер – министрі ИЫҰ сияқты әлемдік көшбасшылар мен ықпалды халықаралық ұйымдардың өз күш-жігерін жандандырып, Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін даулы тараптарды келіссөздер үстеліне отырғызатын уақыты келгенін атап өтті.

«Үмманың мәні-бірлік, ортақ құндылықтар қауымдастығы. Осы қиын уақытта біздің ИЫҰ-ға қатысушы елдер ретіндегі міндетіміз — жазықсыз адамдардың өмірін қорғау және зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында бірігу», — деді ол. 

Мұрат Нұртілеу сөз соңында, Қазақстан Таяу Шығыста берік бейбітшілік орнату үшін кез келген күш-жігерді қолдауға дайын екенін жеткізді. 

Сондай-ақ оқыңыз