Казиноға барған әскери қызметкерлер жұмыстан шығарылды – Қорғаныс министрі
Әскери қызметте лудоманияға шалдыққандар көп. Бұл жайлы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты.
Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланды. Заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес резервтік әскери қызметке алынатындар нашақорлық пен лудоманияға шалдыққан, шалдықпағаны тексеріледі. Депутаттар Жақсылықовтан оны қалай тексеретінін және заңда бұл мәселе қалай реттелетінін, резервтегі қызметкерлерге қандай шарттар қойылатынын сұрады.
«Резервтегі әскери қызметкерлерге қойылатын талап келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлерге қойылатын шарттан еш айырмасы жоқ. Тура сол талаптар қойылады. Лудомания мәселесіне келер болсақ, бұл біздің қоғамымыздың ауруы. Бүгінгі күні лудоманияны анықтаудың нақты тәсілдері жоқ. Қазіргі таңда бұл мәселе енді ғана қолға алынып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, бізде лудоманиямен байланысты мәселелер жетерлік. Әскери салада лудоманияға шалдыққандар саны тек жас жауынгерлер арасында ғана емес, сонымен бірге келісімшартпен жұмыс істейтін тәжірибелі қызметкерлер арасында да, офицерлер арасында көп. Бұл ауру азаматтық қоғамда да бар. Ал енді оны қалай анықтаймыз? Біз олардың жеке өміріне араласа алмаймыз. Өйткені олар телефон мен компьютердің көмегімен онлайн ойнайды. Ал оның құмар ойын ойнайтынын анықтау үшін жеке деректемелер базасына қол жеткізу керек болады. Ол үшін қылмыстық іс қозғауға тура келеді. Сондықтан қызметкерлердің лудоманиямен ауыратынын анықтау мүмкін болмай тұр», –деді министр.
Яғни заңда көрсетілгенімен, олардың лудоманияға шалдыққанын еш тексере алмайтын болып тұр. Министр егер қандай да бір әскери қызметкерді казинодан көретін болса, қызметінен қуылатынын айтты.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қапшағай казиносына барған әскерилерді анықтады. Қазіргі уақытта ол қызметкерлердің барлығы жұмыстан қуылды. Иә, біреулер олардың азаматтық құқы туралы айтуы мүмкін. Бірақ әскери қызмет дегеніміз мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Бұл қызмет бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да қоғамның бұл ауруымен бірге күресуіміз керек», – деді министр.
Министр резервтегі әскери қызметкерге 70 мың теңге ең төменгі жалақы төленетінін, бұл жұмыссыз жүрген азамат үшін «жақсы ақша» екенін айтты.
«Тәжірибе көрсеткендей біз шақыртқан 1500 әскери міндеті бар азаматымыздың 40 пайызы жұмыссыз болып шықты. Біз оларды киіммен қамтамасыз еттік. Жатын орны тегін. Санитарлық тұрмыстық қызметті тегін алады. Медициналық тексерістен тегін өтіп, тамағы да тегін болады. Қосымша ең төменгі жалақы алатын болады. Бұл біршама жақсы деп ойлаймын. Оған резервтегі қызметі кезінде салықтан босатылатынын қосыңыз»,– деді.
Еске сала кетсек, өткен жылы Бас прокуратура ойынханаларға 507 миллион теңге салған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтады. Ол тізімде Ішкі істер, Білім, Қаржы министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігінің, Антикордың және тағы да басқа орган қызметкерлері бар болып шықты.