Дәуренбек Мәжитов: Банкнота жасайтын қағазды әлі күнге шетелден сатып аламыз, бұл – өте тиімді тәсіл
Бүгін, төл валютамыз – теңгенің тарихи айналымға енгеніне 30 жыл толды. Осы ордалы уақыт ішінде дербес валютамыз арқылы ұлттық экономикамыздың негізі қаланып, қаржы нарығы қалыпты даму ырғағын тапты. Әсіресе, банк секторы айтарлықтай өсім көрсетіп, алдыңғы қатарлы технологияларды сәтті іске қосып жатыр. Бірнеше рет теңгенің дизайны ауысып, нарықтық құны да талай өзгерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақшамызды Англияда басып шығарсақ, қазір өз банкнота фабрикамызда басамыз. Тиындар Өскемендегі теңге сарайында соғылады. Мереке қарсаңында ұзақ жылдар бойы Ұлттық банк қолма-қол ақшамен жұмыс істеу департаментінің директоры, Ұлттық банктің Қарағанды филиалының басшысы, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған Дәуренбек Мәжитовпен сұхбат құрдық. Профессор қазір Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерге дәріс оқиды.
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында банк секторының ахуалы қандай еді?
- Кеңес заманында орталықтандырылған қаржы жүйесі 90 жылдардың басында өз қызметін атқара алмауға айналды. Сол кезде банк жүйесінде де келеңсіз жайттар аз болған жоқ. Өйткені бұл саланы нарық талаптарына бейімдеу қажет еді. Кеңес дәуірінде де банктер болды ғой. Бірақ ол кезде банк тек мемлекеттің қарыз қорын белгілі бір мерзімге аккумуляция жасап, соны мемлекеттік кәсіпорындарға несие қылып таратып беретін. Мемлекеттік банк тек мемлекеттік ресурсты ғана пайдаланады, сол себепті де нарық талабына жауап бере алмайтын болды. Бір жағынан, олар мамандандырылған банк жүйесінің өнімдері еді. Ал нарыққа ыңғайланған банктер жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен даму жолын таңдайды. Сондай қаржы ұйымдарының күні туып келе жатқаны анық болатын.
- Ұлттық банкте департаментке басшылық еткен кезде теңгенің басылып шығуына тікелей жауапты болдыңыз ғой. Валютамыздың дизайнына көңіліңіз толды ма?
- Теңгеміздің бірінші сериясы портреттік стильде жасалған болатын. Оны халық жақсы біледі. Ақшаның құнсыздануы мен гиперинфляцияның арқасында бізде 1 теңге мен 100 теңгенің арасында ғана шығарылды. Ұлттық валюта енгізілген соң, инфляция күшейіп, айырбас бағамы шарықтап кетті. 1-ден 100-ге дейінгі банкноттардың (1 теңге, 3 теңге, 5 теңге, 20 теңге, 50 теңге және 100 теңге) өздеріне түскен жүктемені көтеруге мүмкіндігі болмай қалды. Яғни басылып шығарылған ақшаның көлемі бағаға байланысты ақша массасына қызмет көрсетуге жарамсыз болды. Соның салдарынан қайта-қайта 200 теңге, бір жыл өтпей 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10 000 теңге шықты. Аяғы 20 000 теңгеге келіп тірелді. Ұлттық валюта алғаш айналымға енгізілген кезде нарыққа небәрі 1,5-2 миллиард теңге ғана шығарылған болатын. Қазір айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі 17 млрд теңгеден асып кетті. Ал ол кезде резервпен қоса алғанда айналымда 2,5-3 млрд теңгедей ақша болған шығар. Онымен қалай халыққа қызмет көрсетеміз? Сондықтан ақшаның номиналдық көлемін көбейту қажеттілігі туындады. Бұл кезде алдымызда екі таңдау тұрды: банкноттарды қайтадан портреттік стильде басу немесе басқа дизайнға көшу. Біз бірінші серияның стилін қайталауды қаламадық. Өйткені оған тұлғаларды іздеу керек, оларды таңдау кезінде де талас болады: анау неге салынбай қалды, мына кісіні неге кіргізбейміз дегендей. Сондықтан портреттің орнына белгілі бір символдарды салу жөн деген ұйғарымға жасалды. Бұл жерде барлығын Ұлттық банк шешіп отырды деуге болмайды. Өйткені Конституция бойынша төл валютаның атауын, дизайнын, басқа да құндылықтарын өзгерту –тікелей Мемлекет басшысының құзіретіндегі шаруа.
- Халық арасында «ақша жетпей жатса, неге оны көп етіп басып тастамайды» деген әзілге жақын түсінік бар ғой. Нарыққа қанша ақша керектігі қалай шешіліп, қалай есептеліп отыратынын кәсіби қаржыгер ретінде түсіндіріңізші.
- Ұлттық банкте үлкен екі құрылым бар – Зерттеу департаменті және Қолма-қол ақшамен жұмыс істеу департаменті. Жыл аяқталуға тақағанда келер жылға қанша ақша қажет екенін есептеу басталады. Нарыққа қанша ақша шығару керек, қандай номиналмен шығару керек, әр номинал қанша көлемде болуы керек екендігінің өзіндік теориясы бар. Үлкен эконометриялық есептеулер жүргізіледі. Келер жылы бюджеттік төлемдердің қанша болатыны, қанша ақша номиналының айналымнан шығарылатыны дегендей. Өйткені ақша – тірі организм. Туады, өмір сүреді, ескіреді, айналымнан шығарылады. Әр номиналдан қанша көлемде нарыққа береміз дегенді де әбден есептейміз. Мысалы, жалпы жинағы тұрғысынан 20 000 номиналы өте көп, ал саны жағынан ең азы болып саналады. Өйткені бұл номинал айналымда 1000, 2000 теңге сияқты жиі қолданысқа түспейді. Алгоритм мынадай: Ұлттық банк резервіндегі ақша + алдағы жылға шығарылайын деп отырған ақша – айналымнан шығарылып тасталатын ақша көлемі. Шыққан нәтижені екіге көбейтеді. Себебі форс-мажор жағдайға арнап міндетті түрде резерв қалыптастыру керек.
- Қолма-қол ақшамен жұмыс департаментін басқарып тұрған кезіңізде теңгенің тағдырына қатысты тосын жағдайлар туындаған кездер болды ма?
- Әрине, ондай жағдайлар кездесті. Әсіресе, портреттік серияны тоқтатып, ақшаға Бәйтеректің, басқа да символдардың суретін қосып жатқан кезде өте үлкен қарсылық болды. Сол бір кезеңдерде 2000 теңге ақшада «Қазақстан Ұлттық Банкі» деген сөздің орнына «Қазақстан Ұлттық Банқі» болып кетіп қалды. Мұны журналистер қатты сынға алды. Сонымен бірге, Парламентте отырған азаматтар бұл жағдайды кішкене саяси науқанға айналдырып жіберді. 2007 жылы 15 қараша күні теңгенің екінші сериясын айналымға кіргізетін болдық. Соған орай Парламентте таныстырылым жасадық. Сол жерде мен қателіктің қалай кеткенін түсіндіріп айттым. Дауға қатты қатысқандар, әсіресе, Мұхтар Шаханов пен Тоқтар Әубәкіров болды. «Мынау – саботаж, бүкіл елге масқара болдық», – деді. Негізі, ақшаны айналымға енгізудің екі тәсілі бар. Бірі – ұзақ мерзімге созып жіберу, екіншісі – бір күнде кіргізу (бұл дәлелденген, тиімді әдіс саналады). Ол кезде біздің фабрикамыздың өндірістік қуаттылығы кішкене жетпеді. Ал уақыт болса аз қалған. Қыркүйек айының кезі еді. Стратегиялық серіктесіміз – De La Rue фирмасының Мальта аралындағы фабрикасында басып шығару туралы шешім қабылдадық. Сол жаққа ұшып барып, таңертең өндіріс болып жатқан жерде, арнайы құрылғыға қарасам, әлгі «қ» деген әріп қатесін көріп қалдым. Бұл – дизайнерлердің қателігі. Бәрі орыс тілді, к мен қ-ны, ү мен у-ды ажырата алмайды. Сөйтіп, қателік жіберіп алған. Содан бірден Алматыдағы бас кеңсеге хабарластым. Бірақ ондағылар айтты, «болар нәрсе болып қойды, амал жоқ, айналымға шығара берейік» деп. 2000 теңгелік номинал соншалықты көп те басылған жоқ, әрі кетсе бір-екі жылда айналымнан шығарып тастаймыз дедік. Осыны айтып түсіндірейік десек, жаңағы депутаттар сөзге келмей, уәжімді қабылдамай қойды. «Мынадай адам космополит», «Ұлттық банкті басқарып тұрған осындай космополиттер ұлттық валютамызды қорлады» деп жанжал шығарды. «Төрағаны орнынан алуға байланысты Президентке хат жазамыз» дегенге дейін барды. Бәрін мұқият тыңдап алғаннан кейін, Шахановқа қарап: «Сіз мені космополит деп айтпаңыз, мен сіздің бір емес, бірнеше өлеңіңізді жатқа білемін», – дедім. Сосын мінбеде тұрған күйімде :
«Не толқытса соның мұңын тартасың…
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты…» ,– деп бір өлеңін толық оқып бердім.
Мұхтар ағамыз ештеңе айта алмай қалды. Үзіліске шыққан кезде жаныма келіп, арқамнан қағып: «Дәуренбек кешір, Ұлттық банкте сен сияқты азамат жұмыс істейді деп ойламаппын», – деді. Мен «кешірімді жаңа мінбеден түспей тұрғанымда неге сұрамадыңыз» деп әзілдеп жатырмын. Бірер айдан кейін, Алматыда ағамыздың шығармашылық кеші өтіп, соған бара қалудың сәті түсті. Кеш аяқталған соң, оқырмандар жапа-тармағай қолтаңба алып жатыр. Жұбайым біз де қолтаңба алайық деп жетелеп. Бардық. Құнжыңдап басқаларға тілек жазып беріп жатыр екен. Ту сыртында тұрып: «Космополиттерге қолтаңба бере ме екенсіз?», – дедім. Ағамыз жалт қарап, «әй, Дәуренбек сенбісің?» деп күліп жіберді. Іле қолымдағы кітабына автограф жазып, ықыласпен табыстап жатты.
Ақыры, жаңа ақшаны 15 қарашада айналымға енгіздік. Бірақ бір-бір жарым жылда толықтай сол номиналдар нарықтан шығарылды.
- Банкнотқа қажетті қағаз өзімізде шығарыла ма әлде сырттан импорттаймыз ба?
- Біз банкнот жасайтын қағаздарды әлі күнге шетелден сатып аламыз. Мысалы, Өзбекстанда банкнот өндірісінің толық циклі жасақталған. Қағазды құюдан бастап, оны шығару, баспаға дейінгі материалдардың барлығы өздерінің «Давлат белгиси» банкнот фабрикасында жасалады. Украина да солай істейді. Өйткені бұл елдерде халық саны өте көп. Өзбекстанда 30 миллионнан, Украинада 50 миллионнан аса адам тұрады. Әрі банкнотқа негізгі шикізат – мақта Өзбекстанның өзінде өндіріледі. Бірақ Өзбекстанның ақшасын ұстап көрсеңіз байқайсыз, қолға сәл тұрпайылау, қаттылау тиеді. Өйткені оларда және біздің оңтүстік облысымызда өсетін мақтаның сорты сондай. Ең жұмсақ, ұлпадай мақта Үндістанда өседі. Ол жақтыкі басқаша.
Ал біздің банкноттың ақшасы өте майда, жағымды. Біз оны сырттан сатып аламыз. Егер банкнот қағазын да өзіміз өндіретін болсақ, онда экономикамызға үлкен салмақ түсуші еді. Қазіргі уақытта бізге осы саясатымыз тиімді. Жылына екі рет барып өзіміздің стратегиялық серіктесімізден 70 тонна көлемінде банкнот шикізатын алып келеміз. Әдетте қағазды бір емес, бірнеше мемлекеттен аламыз. Осының арқасында қанша ақшаны үнемдеп отырмыз. Ал банкнот қағазын өзімізде басып шығару өте үлкен көлемде су мен электр энергиясын талап етеді. Ондай цехта тұратын бір ғана құрылғының ұзындығының өзі 50-60 метрге жетеді. Сол аралықта қанша процесс болып үлгереді. Біреуі ысытады, біреуі суытады дегендей.
Қазір біз қағазды ғана сырттан тасимыз. Қалған шаруаның барлығы Алматыдағы банкнот фабрикасында жүзеге асады: нөмірлеу, кесу, суреттерді енгізу, қорғаныш элементтерін – қағаздың ішіне кеткен және сутамғы элементтерін енгізу.
Дүниежүзінде 205 мемлекет бар, соның 45 мемлекетінде ғана банкнот сарайы салынған. 50 мемлекетте ғана монета сарайы бар. Бізде аталған екі маңызды өндіріс нысаны да жұмыс істейді.