СҚО әкімдігі 4,3 млрд теңге бюджет қаражатын орынсыз жұмсамақ болған
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 4,3 млрд теңге бюджеттік қаражатты орынсыз жұмсамақ болған. Бұл жайлы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады.
«Прокурорлар бюджеттік қаражатты жұмсау саласына талдау жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың жүйелі түрде бұзылып келгенін анықтады. Қалалық құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы саласы туралы» ҚР Заңдарының талаптарын бұза отыра сомасы 2,5 млрд теңгеге көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуларды жер учаскесіне құқық беретін құжаттарсыз жүргізген», делінген баспасөз хабарламасында.
Басқа жағдайда, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары ҚР Бюджеттік кодексінің талаптарына қарамастан, ешқандай негізсіз ғимарат сатып алу үшін 1,1 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын бөлген. Прокуратураның хабарлауынша олар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарын бұза отырып, бюджет қаражатына әлеуетті жеткізушілер үшін негізсіз шектеулер қоя отырып ашық конкурс өткізген.
«Қадағалау органының актілері бойынша аталған сатып алулар бұзылды, жергілікті атқарушы органдардың кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Аталған салада жыл басынан бері қадағалау органының актілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың 59 лауазымды тұлғасы әртүрлі жауапкершілікке тартылған. Сонымен бірге 19 мемлекеттік сатып алу бұзылып, соңында 4,3 млрд теңге бюджет сомасының орынсыз жұмсалуының алдын алған.