Ұлттық стандарт: мектеп дәретханаларына қатысты талаптар бекітілді

Жарияланды
туалет
Фото: shutterstock; freepik

Қазақстанда мектеп дәретханаларына қойылатын талаптар бекітілді. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің 2023 жылғы 14 қарашадағы бұйрығымен «Жалпы білім беретін мектептердің санитариялық тораптары. Жалпы талаптар және қауіпсіздік талаптары» ұлттық стандарты бекітілді.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев дәретханаға қатысты инклюзивті талаптар да ескерілетінін айтты.

«Бұл мәселеде барлығы ескеріледі. Оқушылар санына, кабиналарға, сабын құйғыштарға, қоқыс жәшіктеріне, электр кептіргіштерге, жарықтандыруға, едендерге, қабырғаларға, есіктерге, сумен жабдықтауға, желдетуге қойылатын талаптар бәрі осы стандартқа кіреді. Сондай-ақ арнайы инклюзивті талаптар да ескерілмек», – деп атап өтті ол.

Комитет басшысы сонымен бірге стандарттың маңызды элементтері ретінде мектеп қызметкерлеріне арналған міндетті жеке санитариялық үй-жайлар, оқу мекемесінің әрбір қабатында ұлдар мен қыздарға арналған дәретханалардың болатынын айтап өтті. Ссондай-ақ білім алушылардың қауіпсіздік деңгейін жақсартатын қыздарға арналған жеке гигиена кабинасы да сол стандарт талаптарына енгізіледі. Елікбаев бұл талаптардың оқушылардың қауіпсіздік деңгейін жақсартатынына сенімді.

Бұл стандарттар мектептерге міндеттелмейді, ерікті қолданылады. Құжат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Талаптарды барлығына бірдей міндеттеу үшін оған сәйкес, нормативтік құқықтық актілерді реттеу қажеттігі туындап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз