Павлодар облысы тұрғынының үйінен құны 2 млрд теңге болатын киік мүйізі табылды

Жарияланды

Павлодар тұрғыны үйінде 170 келі киік мүйізін сақтаған / Фото: kursiv.media

Павлодар облысының полиция департаменті құзы 2 млрд теңге болатын киік мүйізін анықтады. Бұл жайлы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Павлодар облысының тұрғынынан құны 2 млрд теңге болатын киік мүйіздері табылды. Мүйіздерді облыстық ПД-ның ҰҚҚКБ мен ҰҚКД қызметкерлері тәркіледі», –делінген хабарламада.

Полиция іздестіру жұмыстары барысында 49 жастағы Ақсу қаласының тұрғынының гаражынан салмағы 170 келіге жететін, 8 жәшік киік мүйізін тапқан.

«Қызыл кітапқа енген жануардың 800-ге жуық мүйізі тәркіленді. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Биологиялық және трассологиялық сараптама тағайындалды . Ұсталғандардың мемлекетке келтірген зияны шамамен 2 млрд теңгені құрады», – дейді Павлодар облысының полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Еске сала кетсек,  Экология және табиғи ресурстар министрлігі 1 қазан мен 15 қараша аралығында киік атуға рұқсат берген болатын. Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан, атуға рұқсат берген. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткенінен аулауға рұқсат етілгенін айтты.

Осыған дейін ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынғанын, Қазақстанның мүйізді экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығара алмайтынын айтқан. Ол тыйым мерзімі аяқталғанша, киік мүйіздері арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталатынын, өте қымбат киік мүйіздерін сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз