Цифрлық даму министрлігі: Starlink терминалын орнатқан қазақстандықтар айыппұл төлейді
Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясының Starlink терминалын орнатқан қазақстандықтар айыппұл төлейді. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігінде өткен брифингте Телекоммуникациялар комитеті байланысты бақылау департаментінің басшысы Диас Төлегенов айтты.
Төлегеновтің айтуынша, Қазақстанда жеке тұлғалар SpaceX спутниктік интернеті бар Starlink абоненттік терминалын орната алмайды. Бұл заңға қайшы. Алайда Қазақстан азаматтары 500-1500 доллар төлеп, Starlink терминалдарын өз беттерінше орнатып жатыр.
«Мұндай адамдар бар. Тиісті органдар анықтау, нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Қолданыстағы нұсқада пайдалану қауіпсіздік талабына сай келмейтіндіктен, заңнаманы бұзады. Пилоттық жоба аясындағы техникалық жұмыстар аяқталмайынша және заңға тиісті өзгеріс енгізілгенше бұл заң бұзу болады», – деді департамент басшысы.
Төлегенов Starlink терминалын орнатушылар мен қолданушылардың жауапкершілігі бірдей екеніне назар аударды. Яғни олар бұл заңды алғаш рет бұзса, 10 АЕК(34 мың теңге) айыппұл төлейді. Егер заңнамаға өзгеріс пен түзету енгізілсе, терминалдарды заңды түрде пайдалануға рұқсат беріледі.
«Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Мәселе шешілгенше терминалдар Қазақстан аумағында жұмыс істемеуі үшін SpaceX компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деді Төлегенов.
Оның айтуынша, осыған дейін SpaceX компаниясымен ауыл мектептеріне интернет тарту туралы келісім аясында Starlink пилоттық режимде Алматы облысындағы 8 мектепте, және Ақмола, Қарағанды облыстарындағы 2 мектепте сынақтан өтіп жатыр. Жоба жыл соңында аяқталады.
Осыған дейін белгілі болғандай, 2024 жылы Илон Масктың интернетіне 2 мың ауыл мектебі қосылады. Мектептердің тізімін Оқу-ағарту министрлігі береді.