Жамбыл облысында мектеп оқушылары неден уланғаны белгілі болды
Фото: kursiv.media
Жамбыл облысында мектеп оқушыларының улануына қатысты жүргізілген сараптаманың алғашқы нәтижесі шықты. КТК каналының хабарлауынша, ауыл мектебінің асханасындағы 12 түрлі азық-түліктен ішек таяқшалары табылған.
7 қарашада Жамбыл облысы Байзақ ауданында Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары жаппай уланып, салдарынан 2 мұғалім, 44 бала ауруханаға медициналық көмекке жүгінген болатын.
Асынан балалар жаппай уланған асхананың иесі 13 мектептен 230 млн теңгеге жуық қаражатқа тендер ұтып алған. Байзақ аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, кәсіпкер аудандағы 13 мектепті тамақпен қамту үшін жалпы сомасы 229 миллион 410 мың 817 теңге тендер ұтып алған.
Қазіргі таңда Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясын тамақпен қамтуға жауапты ЖК «Тоқсейітов» жұмысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқтатылған.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың улануына мемлекеттің кәсіпкерлердің жұмысын тексеру құзыреттілігінің болмауы себепті жол берілген деп тұжырымдайды.
«Қазіргі уақытта мектептердегі, балабақшалардағы тамақтандырудың сапасын тексеру мүмкін емес. Кешегі Жамбыл облысында болған улануды соның нәтижесі деп білемін»,– деді депутат.