Елімізде 1300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады – Көлік министрі

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Осы жылдың 10 айында жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаға жеткен. Бұл жайлы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері талқыланған жиында Көлік министрі Марат Қарабаев биылғы жылдың 10 айында жүк тасымалдау көлемінің 246 млн тонна болғанын айтты.

«Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр», – деді министр.

Ол сонымен бірге алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланғанын айтты. Министрдің айтуынша болашақта Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы салынып, іске қосылса, еліміздің транзиттік мүмкіндіктері кеңейе түседі.

Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілмек.

Өз кезегінде премьер-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою шараларын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз